Студенттердің жазғы еңбек жасақтары

Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті 2007 жылдан бері жазғы демалыс уақытында студенттік құрылыс жасағында және «Жасыл ел» еңбек жасағында жұмыс жасап келеді.

Әр жылы сәуір айынан бастап әлеуметтік тәрбие жұмыс жөніндегі орталық «Атамекен» студенттік құрылыс жасақтары» Жастар қоғамдық бірлестігімен бірлесе отырып, студенттік жасақтарының жұмысы ұйымдастырылады. Осы орайда жасақтар құрылып, олар үш маусымға бөлінеді. Басқа жақтан келген студенттерге жатақханадан тегін орын бөлінеді.

2007 жылы жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Ж. Жанайдаров «үздік командир» атағын иеленді.

2010 жылы жастар ісі жөніндегі комитет төрайымы А. Қаниеваға 2009-2010 жылдары жасаған еңбегі үшін автокөлік кілті табысталды.

Университет 2011 жыл бойынша «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» жастар марафон-эстафетасында жоғары дәрежедегі жұмысы үшін «Үздік жоғары оқу орны» және автокөлік иегері атанды.


2012 жылы ҚР рәміздерінің 20 жылдығына орай және «Болашақ бүгіннен басталады» республикалық науқан аясында студенттік құрылыс және «Жасыл ел» көгалдандыру жасақтарының VІІ республикалық слетінде үздік жұмыс жасағаны үшін командир Ж.Нұрбаева «Алғыс хатпен» марапатталып, 2 студентке сандық фотоаппарат, 4 ұялы телефон берілді.

2013 жылы ең үздік жұмыс жасаған 10 студент қосымша 15 000 теңгеден сыйақы алды. Жұмыс қорытындысы бойынша университеттің 4 студенті ел ордасы Астана қаласының көрікті жерлерін араласа, үздік командир ретінде 1 қызметкер маусымның жабылу салтанатына арналған республикалық Слетке қатысты.


2015 жылы жасыл ел құрылыс жасақтарына универсиетімізден 30 студент қатысты. Бұл жолы командир ретінде жетекшілік ету жұмысы маған тапсырылды. Бұл жазғы маусымда студенттер «УниверсалТехСнаб» және «Ақтөбе-Сәулет» құрылыс мекемелерінде жұмыс жасады. Мұнда жасақшылар түрлі әктеу, сырлау, кірпіштертерді жинау секілді жұмыстар атқарды. Еңбек маусымы аяқталған соң екі ай бойына жұмысқа қатысып, белсенділік танытқаны үшін 3 студентімізге – Н.Нұрболатова, С.Мұратов және Ж.Қарғабаеваға Астана қаласына жолдама беріліп, саяхаттап қайтты.

2016 жылы 20 студент «Нұрлы жол» және «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша шілде айынан бастап жұмысқа шықты. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жұмысқа шыққан ер балалар қаланың мектеп, балабақшаларында жүріп жатқан жөндеу жұмыстарына өз үлестерін қосса, ал қыз балалар «Жасыл ел» бойынша қаланың тазалығына үлес қосуда.

Өзім жетекшілік етіп жүргелі ұққаным – күннің аптап ыстығы да, жауын-шашыны да жігерлі жастарға еш кедергі бола алмайды екен. Көтеріңкі көңіл-күй мен достықты және таудай талапты қару еткен студенттер қай жұмысты болмасын, ерекше ынтамен атқарып, қала келбетіне көрік беріп келеді. Студенттер өздерінің жазғы демалыстарын осындай жұмыс түрімен өткізіп жатырғандарына риза және келесі тамыз айында да осы жұмыстардың жалғасын табуына тілектерін білдіруде.

Г. Бисекова

 әлеуметтік-психологиялық

 қолдау бөлімінің психологы