Медицина саласындағы кездесу

Қаламызға 2 күндік жұмыс сапарымен ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.К. Дүйсенова келді. Жұмыс сапарының екінші күнін біздің университетімізге арнаған министр ханым Марат Оспанов атындағы БҚММУ Медициналық орталығында болып, онда Ядролық медицина орталығының ашылуына қатысты.

 Бұл күні америкалық Varian Medical System фирмасының жаңа құрылғысы - «TrueBeam» Желілік үдеткіші іске қосылды. Бұл – кез-келген шоғырлы қатерлі ісіктерді емдеудегі сәулелі терапияның алдыңғы қатарлы әдістерінің барлық формаларын қолдануға арналған әмбебап тұғырнама. Құрылғы:

- көзбен бақылау радиотерапиясын Image Guided Radiotherapy (IGRT)

- радиохирургияны (IGRS);

- модуляцияланған қарқындылықтағы сәулелік терапияны (IMRT);

- қарқындылық модуляциясы бар көлемдік терапияны Arc (RapidArc);

- дағдылы және 3-D конформды сәулелік терапиямен бірге дененің стереотаксикалық сәулелік терапиясын (SBRT) қамтид.

TrueBeam ерекшеліктері:

- радиациялық онкологияның барлық әдістері бір құрылғыда;

- емделуші емделу барысында ауырсынуды сезінбейді;

- сау жасушалар сәуле ықпалына ұшырамайды;

- сәулелік терапия емделушінің күнделікті өміріне әсер етпейді. Осы емнен кейін емделуші күнделікті өмір салтын жалғастыра алады;

- рак тініне, соның ішінде, қиын жерлерде орналасқан, мысалы, бас миына, омыртқаға, өкпеге, бауырға, простатаға жоғары дәлділік және талғамалы әсер ету мүмкіндігі.

Жобаның жалпы құны – 1435,0 млн. теңге құрайды, оның ішінде құрылғының сатып алуға кеткен шығын – 1367,0 млн. тенге.

Денсаулық сақтау саласының әр мәселесіне бей-жай қарамаған министр университеттің жаңадан салынып жатқан 1000 орындық жатақхана құрылысын да аралап шықты.

Сол күні Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.К. Дүйсеновамен кездесу өтті. Университеттің Ғылыми Кеңес залында болған кездесуге университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы жиналған болатын.

Министр Тамара Дүйсенова 2011-2015 жылдарға жоспарланған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жұмыс нәтижелерін қорытындылады. Денсаулық сақтау жүйесінің алдағы реформаларымен де таныстырып өтті. Сонымен қатар, министр ханым 2016-2019 жылдарға арналған ҚР «Денсаулық» денсаулық сақтауды дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасының басты міндеттеріне тоқталды. Медицина мамандарын дайындау жүйесінің, жаңа Еңбек кодексінің әлеуметтік қамтылуы мен нормаларының хал-ақуалын баяндап өтті.


Ғылыми кеңестің шешімімен Дүйсенова Тамара Қасымқызына «Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мелекеттік медицина университетінің құрметті профессоры» атағы берілді. Сертификатпен бірге Е.Ж. Бекмұхамбетов университеттің 55 жылдығына орай жарыққа шыққан «Традиции и инновации» кітабын ескерткішке тарту етті.

Сонымен қатар, министр Марат Оспановтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, университет мұражайын да аралады.

Салтанат Тоғызбаева