Арманым, шыңға жетеле!

Бүгінгі салтанатты кеш қалай өтер екен?! Келбетім, әдемі көйлегім, бал-бұл жанған достарым, олардың сыңғыр күлкісі... бәрі-бәрі қиялыма қанат бітіріп, дегбірімді тауысып барады.

Жалғыз мен емес, курстастарым да қобалжулы. Қобалжымағанда?! Бүгін 5 жылғы еңбектің жемісін көргелі жатырмыз. Иә, диплом алмақпыз. Сол үшін де тағат таппай тықыршып барамын.

Бірер сағатта анау-мынау емес, қып-қызыл дипломның иегері атанып шыға келмекпін.


Осыдан бес жыл бұрын сонау Маңғыстау өлкесінен арман қуып Ақтөбе төріне келдім. Дәрігер болсам, халық игілігіне жарасам деген бала қиял бүгінде ақиқатқа айналды. Менен бақытты жан жоқ шығар?!

Бәрі бүгінгі күндей көз алдымда. Кезінде Шетпе селосындағы гимназия мектебін бітіріп, мемлекеттік грантпен оқуға түстім. 104 «А,Б» тобының 24 студенті Нұрлан Құмаровичтің кураторлығымен оқуды бастадық. Тобымыздың студенттері сабаққа ынталы, ауызбіршілігі мықты болды. Топ старостасы ретінде оларды мен мақтан тұтамын. Қашан да ойымыз бір жерден шығып отыратын. Университет қабырғасында оқумен қатар, мәдени-қоғамдық шараларға да белсене араластым. Халықаралық ғылыми жоба байқауында І орын, республикалық «Абай әлемі» байқауынан ІІІ орын, облыстық «Көктем ханшайымы» байқауынан ІІІ орын, қалалық «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» байқауынан І орын иелендім. Осындай жетістіктерім үшін қала әкімінің алғыс хатымен, бағалы сыйлығымен, университет әкімшілігінің бірнеше алғыс хаттарымен марапатталдым. Университет жанынан құрылған «Мерей» квартетінің мүшесімін. Университетішілік, қалалық мәдени шаралар жүргізушісімін. Айта берсең, көп-ақ. Бізді осындай қоғамдық-мәдени шараларға тартып, университет өміріне белсене араласуымызға ықпал еткен әлеуметтік-тәрбие орталығының жетекшілеріне рахмет айтамын. Университет әкімшілігі, кәсіподақ ұйымы тарапынан студенттерді марапаттау, қамқорлық, қолдау болатындығы көпке аян. Кәсіподақ ұйымының мені Көкшетаудағы Бурабай демалыс орнына жолдамамен демалуға жібергені соның дәлелі.

Көптен күткен салтанатты сәт те келіп жетті. Университет ректоры қолыма қызыл дипломды ұсынды. Онымен қоса, алғыс хатпен де марапаттады. Жүрегім атқақтап, достарыма қараймын. Олар жан-жақтан фотоға түсіріп әлек.


Менің осындай дәрежеге жетіп, өмірден өз орнымды табуыма септігін тигізген бірден-бір адам болса, ол – анам. Менің алаңсыз білім алуыма жағдай жасап, әрқашан қолдау жасап, күндіз-түні тілегімді тілеп отырған ұлағатты ұстаз, аяулы анам – Балия Асамадинқызына алғысым шексіз. Университет әкімшілігі анамды да алғыс хатпен марапаттады.

Мен үшін бүгінгі күн қандай қуаныш болса, анашым үшін екі есе қуаныш. Аяулы маматайым, асыл анашым! Менің осы бір жетістігім өзіңнің алдыңдағы перзенттік борышымды өтей алмаса да, тал бесігімнің жанында, бесік жырын әндете тербетіп отырып, ұйқысыз өткізген бір түніңнің өтеуі болсын!


Бізді тұлға етіп қалыптастыруға күш салған барлық жанға – университет ұжымына, дәріс берген ұстаздарыма шын жүректен мықты денсаулық, еңбектеріне табыс тілеймін.

Алдымда жарқын болашақ күтіп тұр. Арманым, шыңға жетеле!

Мақсұтқызы Ұлданай