Тарих - өткеннің сабағы, алдағының кейінгіге өнегесі

Ел Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2014 жылдың 11 қарашасында жариялаған «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» атты жолдауында, биылғы 2015 жыл – ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі жеткен биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы екендігін айта келе, Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылуының 20 жылдығы, Ата Заңымыздың 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы және ұлттық тарихымызды ұлықтауға арналған Қазақ хандығының құрылуына 550 жылдығын атап өту шараларын нақты тапсырма ретінде бекітіп өтті.

 Олай болса, 3,5 ғасырдан астам тарихы бар қазақ халқы және ондағы қазақ хандығының құрылуы – Қазақстан аумағында ежелден бері үздіксіз жалғасып келе жатқан этникалық процестердің тұрақты қалыптасу нәтижесі екендігін атап өтуге болады.

Қазіргі кезде еліміздің ресми атауы – Қазақстан Республикасы, халқымыздың атауы – қазақ, жеріміздің атауы – Қазақстан және осылай аталуында 15 ғасырдың ортасында құрылған қазақ хандығының мәні жатыр. Қазіргі кезде еліміздің егемендігі бекіп, іргесі нығайған сайын оның болашағы мен тарихына деген қызығушылықтар арта түсуде. Әсіресе, соңғы жылдарда “Қазақ мемлекеттілігі қай дәуірден басталады?”, “Қазақ хандығы қашан құрылды?” немесе “Қазақ хандығының құрылғандығына қанша жыл?” деген нақты сауалдарға көпшіліктің ынтасы ерекше. Мұндай мәселелер бұрынырақта тек тарихшы-мамандардың ғана айналысатын нысаны болса, бүгінгі күндері бұл тақырыптар тарихшылармен қатар, көзі ашық, көкірегі ояу, өз елінің тарихына сүйіспеншілікпен қарайтын әуесқой тарихшылардың, әдебиетшілердің, журналистердің, сондай-ақ кейбір мамандық иелерінің зерттеу обьектісіне айналуда. Сол себепті де, қазіргі таңдағы қазақ хандығының құрылған жылына байланысты зерттеуші-тарихшылардың әртүрлі пікірлеріне тоқталып, оларға талдау жасап өткенді жөн көрдім. Қазақ хандығының Дешті Қыпшақ аумағында ежелден бері үзілмей жалғасып келе жатқан этникалық, мәдени-рухани дамулар мен саяси процестердің заңды қорытындысы ретінде XV ғасырдың ортасында тарих сахнасына шыққандығын зерттеушілердің бәрі мойындайды. Сондай-ақ хандықтың құрылуында Керей мен Жәнібек хандардың атқарған басты рөлдерін ешкім де жоққа шығармайды. Дегенмен де жоғарыдағы тұжырымды бірауыздан мойындайтын тарихшылар хандықтың нақты қай жылы құрылғандығы жөніндегі мәселе бойынша XV ғасырдың ортасындағы бірнеше датаны көрсетеді. Төменде сол даталар мен оның авторларын атап өтелік.

1) Қазақ хандығы 1428 жылы құрылды деген пікірді тарихшы Ә.Хасенов дәлелдейді. Кейінгі жұмысында бұл автор 1428 жылдан бас тартып, 1445 жылды ұсынады;

2) Қазақ хандығы 1456 жылы құрылды деген пікірді М.Тынышбаев, А.Чулошников және тағы басқалары атап өтеді; 3) 1458 жылы құрылған дегенде пікірлер бар; 4) 1465-66 жылдар шамасында құрылған деген пікірді Мұхаммед Хайдар Дулатидың дерегіне сүйеніп М.Қ.Абусейітова және тағы басқалары ұсынады; 5) Тарихшы Т.И.Сұлтанов болса Қазақ хандығының құрылуы 1470 жылы аяқталады деп қорытады. 

Қазіргі кезде осы көрсетілген даталар ішінде 1456 мен 1465-66 жылдар үстем пікірлер болып, тарихи әдебиеттерде жиі қолданылып жүр. Алдымен, Қазақ хандығығы 1456 жылы құрылды деген пікірді талдап көрелік. Қазіргі күнде бұл пікірді жақтаушылар М.Тынышбаев, А.Чулошников пікірлеріне сүйенеді де, олардың бұл датаны қайдан және қалай алғандығына назар аудармайды. Біз бұл пікірді талдау барысында жоғарыда аталған авторлардың  “1456 жылды” В.В.Вельямин-Зерновтан алғандығына көзімізді жеткіздік. Олай болса, XIX ғасырдағы орыс шығыстанушы-ғалымының зерттеуіне де құлақ асып көрелік. В.В.Вельямин-Зернов 1864 жылы Санкт-Петербург қаласында жарыққа шыққан “Исследование о Касимовских царях и царевичах” атты зерттеуінің екінші кітабында айтады. Ол Әбілқайыр ханның Дешті Қыпшақта билеуші боп тұрғанын айта келе, оның қай кез, қай жылдар екенін оқырмандарға түсіндіре кету үшін “Бұл кезде” деген сөз тіркесінен кейін (шамамен 860-1456 ж.) деген датаны жақша ішінде өзі қолданады. XIX ғасырдағы тарихи зерттеулерде авторлар өзіндік түсіндірмелерін мәтіннің арасына кіргізіп, оларды жақшамен бөліп көрсету дәстүр болатын. В.В.Вельямин-Зернов та осы әдісті қолданады. Сөйтіп ол, Әбілқайыр ханның хижра бойынша – 860 жыл шамасында, қазіргі жыл қайыру бойынша – 1456 жылы Дешті Қыпшақта билеуші боп тұрғанын түсіндіре кетеді. Соңғы жылдары бұл датаны М.Мағауин “Қазақ тарихының әліппесі” атты кітабында қолданып, одан әрі жаңғыртып жібереді. Бұл кезде, яғни 1456 жыл - Әбілқайыр ханның қаһарына мініп тұрған кезі. Оның беделін түсіріп, сағын сындыратын Сығанақ түбіндегі Өзтемір тайшы басқарған қалмақтардан жеңілуіне әлі бір жыл бар. Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр ханнан бөлінуі – 1457 жылғы жаздың соңы – күздің басында Әбілқайырдың қалмақтардан жеңілісінен кейін болғандығын басқа дерек мәліметтері дәлелдейді. Олай болса, Қазақ хандығы 1456 жылы құрылды деген пікірдің көмескі, анық, дәл емес екендігін бірден көруге болады. 

Енді Қазақ хандығы 1465-66 жылы құрылған деген пікір туралы айта өтсем: бұл пікірге Мұхаммед Хайдар Дулатидың “Тарихи Рашиди” еңбегіндегі деректер негіз болып отыр. Екі бөлімнен тұратын еңбектің бірінші бөлімінде автор XIV ғасырдың ортасынан XVI ғасырдың ортасына дейінгі Моғолстан атты ортағасырлық мемлекеттің тарихын баяндайды. Бірінші бөлімнің 39-шы тарауында Мұхаммед Хайдар Дулати Есенбұға хан тұсындағы Моғолстан тарихын айта келе, Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр ханнан қашып Моғолстанға келгендігін, сол тұстағы моғол ханы Есенбұға екендігін, оның Керей мен Жәнібек хандарға Моғолстаннның батысындағы Шу өзені бойынан Қозыбасы жерін бергендігін жазады. Одан әрі Дулати: “Қазақ сұлтандарының билік жүргізуінің басы 870 жылдан басталады,”-деп жалғастырады. Ал “Тарихи Рашидидің” 43-ші тарауында Мұхаммед Хайдар Дулати хижраның 866 жылы (1461-62) Есенбұға ханның қайтыс болғандығын нақтылап көрсетеді. Алғаш рет деректегі осы мәліметтердің бір-біріне сәйкес келмейтіндігін тарихшы Т.И. Сұлтанов анықтады. Ол Керей мен Жәнібек хандардың Моғолстанға көшіп келуі Есенбұға ханның тірі кезінде болғандығын ескеріп, Шу бойына келу – 1461 жылға дейін жүзеге асқан деп пікір білдірген еді. Бұл жерде біздің мақсатымыз хижраның 870 жылы немесе қазіргі жыл санау бойынша 1465-66 жыл – Қазақ хандығының құрылған жылын не себепті дәл көрсетпейтіндігін дәлелдеу негізінде “Тарих-и Рашиди” авторының стилінде тарихи оқиғаларды баяндау мен олардың болған жылын көрсетуде өзіндік бір ерекшеліктің бар екендігі байқалады. Ол ерекшелік кітаптың бірінші бөлімінде қатты байқалып тұр. Мұхаммед Хайдар Дулати маңызды деген тарихи оқиғалардың даталарын біріншіден, анық білмеген жағдайда болжаммен шамалап көрсетеді. Екіншіден, автор кейбір даталарды ондыққа дейін жуықтатады да, болған оқиғаларды “соған дейін” немесе “содан кейін” деп түсіндіреді. Үшіншіден, автор өзінің болжаммен, шамалап, жуықтататып көрсеткен даталарының соңына “Анығын бір Алла біледі ” деп жазып отырады. Кітаптың бірінші бөлімінде жуықтатып көрсетілген даталар бірнешеу. Төртіншіден, Мұхаммед Хайдар Дулати өз еңбегінде аз болса да кейбір кемшіліктер мен қателердің бар екенін біліп, оқырмандарға ол жөнінде алдын-ала ескертеді және олардан кешірім сұрайды. Көріп отырғанымыздай, Мұхаммед Хайдар Дулати өзі толық көзі жетпеген тарихи оқиғалардың датасын осылайша шамамен жуықтатып беріп отырған. Бұл әрине оның қатесі емес, керісінше, оқиғаларды мүмкіндігінше анық көрсетуге тырысуы деп түсінуіміз керек. Қазақ хандығының құрылған жылы туралы оған дейін ешбір автор жазбағандықтан, сондай-ақ Керей мен Жәнібектің Моғолстанға көшіп келуі мен “Тарих-и Рашиди” кітабының жазылуы арасында бір ғасырдай уақыт өткендіктен автор оқиғаның барысын дұрыс баяндайды да, ал оның мезгілін жобалап көрсетеді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, тарихи оқиғалардың уақытын ондыққа дейін жуықтатып, автор "қазақ сұлтандарының билігі 870 (1465-66) жылдан басталады" деп жазады. Бұл датаның өте анық емес екендігін осылайша көруге болады. Қазақ хандығының құрылуында Дешті Қыпшақ, Моғолстан және Мауереннахр аумақтарындағы мемлекеттердің саяси дамуы, бір-бірімен саяси қарым-қатынастары қолайлы жағдай жасайды. Керей мен Жәнібектің Моғолстанға көшіп келуіне Дешті Қыпшақтағы Әбілқайыр хандығы мен Моғолстан арасындағы қарым-қатынастар себепші болса, Моғолстанның батысында Қазақ хандығының құрылуына Моғолстан мен Мауереннахр билеушілері арасындағы шиеленіскен саяси жағдайлар алып келеді. Қазақ хандығының нақты құрылған жылын анықтауда осы екі мемлекет арасындағы саяси оқиғалар қосымша жәрдем бере алады.

Олай болса, өткеніміздің өнегесі-бүгініміздің берекесі мен ертеңгіміздің бағдары. Сонымен қатар, елдігіміздің тұмары, ерлігіміздің шынары болған Тәуелсіздік ұғымы ерекше екенін әрбір қазақстандыққа түсіндіру - міндетіміз. Елбасшымыз Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде, «Ұлан-ғайыр жері бар, ұлы мұратты Елі бар, бабалар жазған тарихы мен ұрпағы көз тіккен ұлы болашағы бар біздің халық-ұлы халық» деп атап көрсетіп, азат еліміздің күллі азаматтарына, жалынды жастарға, бүгінгі буынның ерен істерін лайықты жалғастыратын ертеңгі ұрпаққа арналған «Тәуелсіздік толғауы» атты мәңгілік ел ұстанымын жариялады. Ендігі Мәңгілік елдің ұлы тарихын қазақстандықтарға кеңінен паш ету және барлық орта, арнаулы және жоғары оқу орындарында арнайы бағытта түсіндіру жұмыстарының жүргізілуі керек екендігін жете айтып өтті. Олай болса,біздің халқымыздың ешқашан мызғымайтын, жыл өткен сайын нығайып, беки түсетін мәңгілік тәуелсіздіктің иесі екенін айта келе, мәңгілік еліміздің мәртебесі биік, азаттық рухы асқақ болып, көк байрағымыз көгімізде желбірей берсін дегім келеді.

Калманова Г.Т.
аға оқытушы, магистр
Қазақстан тарихы және қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасы