Менің өлкемнің танымал дәрігері

http://turizm-hit.ru/

Жүсіпов Әмірхан Ізбайырұлы 1959 жылы Арал қаласында дүниеге келген. 1966 жылы мектеп табалдырығын аттап 1976 жылы Арал қалалық №15 қазақ орта мектебін бітірген.

 

1976 жылы Алматы Мемлекеттік медицина институтына оқуға түсіп аталмыш оқу орнының емдеу факультетін 1982 жылы үздік бітірген.

Еңбек жолын студенттік күндерінде Алматы қалалық жедел- жәрдем стациясында фельдшер болып бастаған. 1982-1983 жылдары Қызылорда қалалық ауруханасының хирургия бөлімшесінде дәрігер хирург болып жұмыс істеді.

1983 жылы Арал аудандық ауруханасында дәрігер хирург болып, 1984-1988 жылдары дәрігер онколог болып жұмыс істеді.

1988-1991 жылдары аудандық аурухана бас дәрігерінің емхана жөніндегі орынбасары, 1991-1999 жылдары аудандық аурухананың емдеу ісі жөніндегі орынбасары болып істеді.

1999 жылдан 2005 жылға дейін аудандық аурухананың хирург, уролог, дәрігері болып еңбек етті. 2006 жылдың тамыз айынан осы уақытқа дейін аудандық аурухана хирургия бөлімшесінің меңгерушісі болып қызмет істейді.

1985 жылы Павлодар қаласында дәрігерлер білімін жетілдіру факультетінде хирургия мамандығы бойынша, 1989 жылы Алматы дәрігерлер білімін жетілдіру институтында «Амбулаториялық емханалық көмекті ұйымдастыру» тақырыбында, осы аталмыш оқу орнында 1991-1999 жылдары іш қуысы жедел хирургиясы, 2004 жылы онкоурологиядан, 2006 жылы Ақтөбе қаласында «Ересектердің лапороскопиялық хирургиясы», 2012 жылы Астана медуниверситетітің эндовидиохирургиядан шеберлік класын откен. 2016 жылы урологиядан, 2017 жылы балалар хирургиясының Алматы үздіксіз білім беру институтында даярлықтан өткен.

Қазақсан хирургтерінің ІІІ, IV, VII конгресстерінде, Қазақстан хирургтерінің І съезіне, Қазақстан эндоскопиялық хирургтерінің ІІІ съезіне, Халықаралық хирург гепотологтардық ХІІІ-ХІV конгресстеріне қатысқан. 2007 жылы Санкт-Петербургте өткен Халықаралық хирург гепотологтардың ХІV конгресіне «Аудандық аурухана жағдайында бауыр жарақатын емдеу» тақырыбында баяндама жасаған.

2 өнертабыс патетінің иегері. 2001 жылы – А.И.Жусупов инеқыстырғышы құралына, 2003 жылы, аденома орнынан қат тоқтату құрылғысына патент алған.

Аудандық аурухана жағдайында алғаш рет өт олдарына реконструктивті операциялар 1996 жылы (папиллосфинктеротомия, билиодигестивті анастомоздар салу), көктамыр варикозы ауруына сафенэктомия, Линтон отасы, бүйрек обырына радикальды нефрэктомия, Ребейн тәсілімен колоректальды анастомоздар салу, 2013 жылдан облыс аудандарының арасында алғашқы болып эндовидеохирургиялық оталар жасауды тәжірибеге ендірді.

Ұйымдастыру саласында бірқатар жаңалықтар ендірген. Аурухана тәжірибесіне нарықтық қатынастар негізін (жаңа шаруашылық механизмі), комплекстіавтоматтандырылған профилактикалық байқау жүйесі (КАСМОН), экологиялық зардап шеккен Арал өңірі тұрғындарын қорғау заңының даярлауына атсалысты.

Аудандық «Толқын», облыстық «Сыр бойы», «Халық» газеттерінде бірнеше мәрте науқастардың алғыс хаттары, Ә.І.Жүсіповтің еңбектегі жетістіктері туралы бірнеше мақала жарық көрді.

Әкесі Ізбайыр – Ұлы Отан Соғысының ардагері, анасы Маутай тыл ардагері болған.

Отбасылы, 4 баланың әкесі. Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі. Қызылорда облыс 70 жыл мерекелік медалінің иегері. Жоғрғы санатты хирург дәрігер. 2 өнертабс патентінің, бірнеше халықаралық, республикалық ғылыми басылымдарға шыққан мақалаладың авторы. Зайыбы- Ботакөз Рахатқызы дәрігер бактериолог болды, Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі. 2014 жылы ауыр науқастан қайтыс болды. Қазіргі зайыбы Бекарыстанова Зәмзәгүл Әбдіраш қызы УДЗ дәрігері.

         Мақалалары:

  1. Хирургическое лечение трвам печени в условиях районной больнцы. Журнал «Анналы хирургической гепатологии» 2007, №3, Москва.
  2.  Применение препарата хлоргесидин для профилактики спаечной болезни . Журнал «Медицина» 2002, №4. Алматы.
  3. Применение препарата левомоль при несформированных кишечных свищах. Журнал «Медицина» 2002,2.
  4. Случай синдрома Ледда у взрослого, Журнал «Медицина» 2005, №2. Алматы.
  5. Редкое осложнение послеоперационной грыжи белой динии живота. Журнал «Вестник хирургии Казахстана» №3,2005.
  6. Применение регионарной димфотропной антибиотикотерапии при лечении гнойно воспипалительных заболеании пальцев и кисти. Журнал «Вестник хирургии Казахстана» №2, 2011.
  7. Оптимизация хирургического доступа при опирациях на органах брюшной полости у больных, страдающих ожирением. Журнал «Вестник хирургии Казахстана» №1,2011.
  8. Диффуды уытты жемсауды хирургиялық жолмен емдеу. «Сыр емшісі» газеті №10, 2006ж.

 

2015 жылы ауданның құрметті азаматы атағын берілді.

Дәрігерлік тәжірибемде қызықты оқиғалар көп болды. Соның ішінде ерекше есте қалған бірнеше оқиға болды.

Дәрігерлік тәжірибемнің алғашқы жылдарында Райым ауылынан ауыр науқасқа хирург көмегі керек деп шақыру түсті. ГАЗ 66 машинасымен жолға шықтық. Райымға келсек Қызылжар ауылдық ауруханасының дәрігері Сәбит Жүсіпов күтіп тұр екен. Ол да менен 1 жыл бұрын келген жас дәрігер. Тәжірибеміз аз. Науқастың үйіне келсек қаптаған қара құрым ағайын: бірі басын сүйеп, бірі аяғын уқалап, бірі қолын уқалап науқасты қоршап алған. Науқас сол ауылдың басшысы, беделді азамат екен. Бізді көріп бәрі өре түрегелді. Дәрігер келді деп бәрі бәйек болып жатыр. Бізге зор үмітпен қарайтын сияқты. Науқастың жағдайы ауыр. Асау ат тепкен екен. Бірнеше қабырғасы сынған, оң иығы шығып кетіпті. Өзі денелі қарулы кісінің түрі. Дем ала алмай ыңырсып қиналып отыр екен. Ауруын басатын анальгетиктер салып шығып кеткен иығын салуға кірісіп кеттік. Сөйтсек, науқасқа көрші ауылдан сынықщы шақыртқан екен, ол да қасында отыр. Сіз шыға тұрыңыз деп сынықшыны да шығарып жібердік. Ал келіп салайық. Қарулы кісі екен, бұлшық еттері қатып қалған, әрі тарттық, бері тарттық, әліміз келетін емес. Гиппократтың әдісі, Джанелидзенің әдісі, әйтеуір білетін әдісімнің бәрін салып жатырмын. Иық орнына түсетін түрі жоқ. Сәбит екеуміз ақ тер- көк тер болдық. Науқас қиналып бара жатыр. Біршамадан кейін сынықшы шал келді де, ай балалар, қане мен көрейінші деп білегін сыбана бастады. Амалымыз жоқ, біз жылыстап сынықшы шалға орынымызды бердік. Тәжірибе деген жақсы ғой: үлкен орамалды науқастың кеудесіне салып 2 жігітке ұстатты, шыққан қолды 2 жігітке ұстатты да, ал, тартыңдар- деп, өзі шығып кеткен иықтың басын демеп сарт еткізіп салып жіберді. Шыққан буын орнына түсті. Науқастың жаны жай тапты. Бізде елге қарайтын бет жоқ. Науқасты Аралға алып кетуге таңертен сантарлық самолет келу керек, күн қарайып кеткен. Науқастың үйіне қонуға тура келді. Беделіміз түсіп қалған. Бізбен ешкімнің шаруасы жоқ. Дастарханың аяқ жағында отырып шай іштік, қысылып барамыз. Сынықшы шал- төрде. Жылы жұмсақтың бәрі соның алдында. Әңгімесін айтып терлеп тепшіп шай ішіп отыр. Әйтеуір көрер таңды көзбен атқарып таңертең тікұшақпен науқасты қалаға әкелдік.

Жаңа келген кезім. Хирургияда бос орын болмай онколог болып жүрмін. Бір күні терапия бөлімшесіне Дөңес Серғазиев ағамыз науқасқа кеңес беруге шақыртты. Ол кезде сенетініміз – жалғыз рентген. Науқасты көрсем жағдайы ауыр екен: ауа жетпей екі иінінен дем алып отыр. Ерні кезерген, көзі шүңірейген. Ренткен қағазына қарап өкпе обыры деп диагноз қойдым. Облыстық онкология ауруханасына жіберу керек деп кеңес бердім.

Бір күні күре жолдың бойымен қорымның тұсынан өтіп бара жатсам, Оралбаев Ақтөкен деген бейіт тұр, Е, Мынау – анау күні мен көрген науқас екен ғой, марқұм, тие берсін деп бет сипадым. Ішімнен өзімнің диагнозын дәл қойғаынма ризамын. Сөйтіп бірнеше жыл ары бері өткенде бет сипап, тие берсінімді айтып жүрдім. Бір күні кабиннеттегі телефоным шыр ете қалды. Бұл кезде мен емхана меңгерушісі болып мансабым өсіп қалған. Телефонды көтерсем арғы жағынан: айналайын, мен – Актөкен Оралбаев деген ағаңмын ғой, маған учаскелік дәрігерді жіберші деп тұр. Шалқамнан түсе жаздадым. Сөйтсем, ағамыз жазылып кетіпті, олай бұлай болып кетсем деп бейітін көзі тірісінде салып қойған екен. Сөйтіп, ағамыз 10 шақты жыл өмір сүрді. Жас кезде тәжірибенің аздығынан осындай қателіктер болады.

Жақында 80 ге келген бір әжеміз асқазанынан қан кетіп ауыр халде ауруханаға түсті. Әрі бері дәрі дәрмектеп емдеп көріп едік, болатын емес. Қан кету, перфорация, стеноз белгілері болды. Қан қысымы түсіп барады. Амал жоқ, ота жасауға шешім қабылдадық. Қан қысымын көтеретін дәрілерді құйып, операция залына алдық. Науқастың жағдайы мүлде нашарлап кетті. Науқас комаға түсті, қан қысымы өте төмен, иегін қағып жатыр. Наркозды көтеретін түрі жоқ. Науқасты операция залынан қайта шығардық. Туыстарын ескертіп, жағдайы ауыр, үміт өте аз деп жұбату айтып жатырмыз. Бас дәрігердің орынбасары Үмбетов Қанат келіп, консилиум жасап жатырмыз. Массивті қан құю керек деп шештік. Бірнеше доза эртроцит тұнбасы мен қан сарысуын құйғаннан кейін науқастың қан қысымы көтеріле бастады. Дереу қайтадан операцияға алдық. Жағдайының ауырлығы, жасының үлкендігін ескеріп отаның жеңіл түрін жасайын десек патология ауыр: 1 науқаста ойық жараның 4 асқынуы: перфорация, стеноз, ұйқы безіне пенетрация, жарадан профузды қан кету болып тұр. Жай жараны тігіп шығуға болмайды. Амалсыздан қатерге бас тігіп асқазан резекциясын жасауға бел будық. Асқазанның 2/3 бөлігін Бильрот тәсілімен резекциялап науқасымыз құлан таза айығып кетті. Тәуекел деген бір қайық, өтесің де кетесің деп халқымыз бекер айтпаған ау.

Тағы бір есте қалатын оқиға: 1990 жылы қыркүйек айының 19 күні хирургия бөлімшесінде кезекшілікте тұрғанмын, дереу ауыр науқасқа кеңес беруге терапия бөлімшесіне келсін деп жатыр деген хабар келді. Жеделдетіп терпияға барсам бір науқас қысылып жатыр. Комаға түскен, есі жоқ. Кезекші терапевт емдік шараларын істеп абыр сабыр болып жатыр екен. Кенет тынысы тоқтады, қан қысымы төмен. Жасанды тыныс беріп жатырмыз. Көмегімізден нәтиже болмай жатыр. Реаниматолог дәрігер, марқұм Бекетов Махмут ағамыз да келіп жетті. Не керек, науқастың жүрек соғысы тоқтап биологиялық өлім белгілері анықталды. Науқастың неден өлгені беймәлім. Сұрастырсақ, науқас 1 күн бұрын түйе сойған. Айтуынша түйе ауру болған сияқты. Ойпырмай бұл оба ауруы емес пе екен деген ой басыма сарт ете қалды. Негізі біздің аудан обаның эпизоотиялық ошағына жатады, обаға қарсы күрес станциясы жұмыс істейді. Обадан аз кем хабарымыз бар. Дереу сол кездегі бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Жеңіс Қали ұлы Құмаровқа телефон шалдым. Көп ұзамай Жәкең де келді. Тәжірибелі дәрігер ұйымдастырушы Жеңіс ағамыз да осы тоқтамға келді. Басшымызға хабарлап обаға қарсы күрес мекемесінің, санитарлық эпидемиологиялық станциясының мамандары келіп эпидемияға қарсы шаралар басталып кетті. Лабораториялық тексеру біздің болжамымызды нақтылап берді. Аудан карантин жарияланды. Сөйтіп үлкен апаттың беті қайтарылды.

 Асанов Дархан Мұратбайұлы