ҰСТАЗДАРДЫҢ ҰСТАЗЫ

http://turizm-hit.ru/

Біздің кафедра ұжымы үшін мамыр айының басталуы – бір ерекше көңіл күй серпілісімен үндесетін уақыт еді. Жалпы табиғаттың түлеуі, күннің жылынуы секілді құбалыстардың әсерімен бірге, ұжымымыздың көшбасшылары деп айтуға болатын тұлғалар, ұстаздарымыз, қос бірдей профессор – Қараман Еңсепбайұлы мен Алина Музагитқызының туған күндері де қатар келетін.

Алдымен, 5 мамыр күні - Қараман Еңсепбайұлын, сонан соң араға 1 апта салып - Алина Музагитқызын құттықтау – дәстүрге айналған болатын. Енді міне - зымыраған уақыт әрі жалғасуда, алайда екі ұстазымыз да арамызда жоқ.

Табиғаттың ең қымбат жаратылысы – бұл адам. Адам баласы өмірге келгеннен кейін бірі – жарқын, көзге тез көрініп белсенді болса, бірі – тыныш, барынша көзге көрінбей өмір сүреді. Бұл - адамның табиғатының әр түрлі сипаты. Тұлғалардың ішінде сөзсіз ең бір ерекше құрметке ие болатын жан - өз артына із қалдырып, жас буынды тәрбиелеуде, халқына қызмет ететін мамандар дайындауда үлкен үлес қосып, өзінің қолтаңбасын қалдыратын ұстаз. Осындай азаматтардың ішінде менің есімін ерекше атағым келген жан – Жарылқасынов Қараман Еңсепбайұлы болмақ.

Ол өмірінің соңына дейін өзі түлегі болып табылатын - Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің қалыпты анатомия кафедрасында еңбек етті, ал соның ішінде 10 жылдан астам уақыт осы кафедраны басқарды. Жай ғана басшы болып қоймай, өзінің, ұжымды «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруға» қалыптаған ұйымдастырушылық қабілетімен, әділ басшы бола білуімен бәріміздің көңілімізден шыға білді және өзгелерді де осыған үйретті, үйретіп қана қоймай – өзі де үлгі болды. Біздер - кафедраға кейін келген жас буын өкілдері болсақ, ұстазымыздан оқыту әдістемесін, сабақ жүргізудің педагогикалық және кәсіби шеберліктерін, білім алушыларды бағалау тәртібін және де басқа көптеген істерді меңгердік. Осылайша білгір басшылық пен тамаша үлгілердің арқасында өзіміз де ұстаз болып қалыптастық.

Әрине, әр ғылымның өзінің оқыту, меңгерту, зерттеу жүргізу ерекшеліктері болатындай, анатомия саласының да тек өзіне тән сипатталықтары бар. Медицина саласында білім алуға ұмтылған әрбір білім алушыны адам ағзасының құрылысымен таныстыратын, бірінші дәрігерлік дағдыларды қалыптайтын осы бір пән аса бір ерекшелікті, табандылықты, мұқияттылықты талап етеді.


Менің де осы анатомия пәнінің оқытушысы болып қалыптасуыма негізді қалаған, ықпал еткен, білгенін үйреткен жоғарыда аталған екі тұлға болды. Біздің оқу орнымызда – Алина Муззагитовнаның аты аңызға айналған. Бұл кісімен кезінде анатомияны игеруде бірлесе жасаған жұмыстарымыздың белгісі – салған суреттерім менің жұмыс столымда тұр. Ол жай оқытушы емес, жастардың рухани әлемін қалыптауда да ерекше еңбек сіңірді. Оның айғақтары – өзінің өмірінің соңынан дейін өзі негізін қалаған «Ювентус» студенттік хорының, қазіргі таңда «Профессор А.М.Гизатуллина атындағы хор» деп аталатын өнер ұжымы, оқу орнымыздың және кафедраның теңдессіз мұражайы және басқа да көптеген ескерткіштер. Қазіргі таңда кафедрадағы анатомиялық мұражайда «Ұстаздардың - ұстазы» айдарымен жасақталған, профессорға арналған мұражайлық бұрыш бар. Бұл бұрышта өзінің жеке заттары, музыкалық пластинкалар, кітаптар қойылған.

Ал енді Қараман Еңсепбайұлы болса, еңбек ұжымының әкесіне де ұстазына да айналған жан еді. Оның  оқытушының тақырыпты өзі игермей - студентпен сол тақырыпта жұмыс жасауы – барып тұрған қиянат» деген сөзі, менің әлі күнге дейінгі басты ұстанымым, қағидам. Бір қарағанда, қарапайым қағида түрінде қабыданғанмен, ұстаз үшін ең мңызды ұстаным екенін, мен кейін ұқтым. Ал бүгін өзім де кейінгі келе жатқан жас анатомдарға да осыны айтамын және олардан талап етемін.

Естелік ретінде мына бір оқиғаны айта кетсем, университеттегі ең үлкен факультет «Жалпы медицина» мамандығы бойынша қазақ бөлімінің барлық лектеріне дәрісті Қараман Еңсепбайұлы өзі оқитын. Ал, мен, «Стоматология» факультетіне оқимын. Барлық дәріске дайын болсақ та, екі факультеттің тақырыптық жоспарлары сәйкес келмейді, әр факультеттің өзінің ерекшеліктері бар. Бірақ жыл басында ол кісі, мен «Жалпы медицина» факультетіне барлық дәрісті оқығанмен, кез-келген тақырыпқа, дәріске дайын бол, кез-келген уақытта мына дәрісті оқыңыз деп айтуым мүмкін деп ескертті. Бірде, мені шақырып алып: «Қазір сағат 11-00де 3 курсқа дәріс оқисыз, мен белгілі бір себептермен ол дәрісті оқи алмаймын» деді. Оның алдында менің дәрістерге дайындалып жүргенімді көріп жүрген болатын. Дәріске дейін аз уақыт (1 сағат) қалса да, мен «жақсы» деп бұған дейін дайындаған презентацияларымды қарап шығып іске кірістім. Сөйтіп, дәріс басталған кезде, Қарекең кенет дәріс залына кіріп келіп, алдыңғы бос орынға отырды да, маған «оқи беріңіз» деп басын изеді. Мен дәрісті аяқтадым.


Сабақтар аяқталып, саябырсыған кезде менің бөлмеме келіп, «Сапарғали Бекжанович, шәй ішейік» - деді. Жалпы ол кісі шәйді жақсы көретін, таңнен кешке дейін бөлмесінде шәйнек ұдайы қайнап тұратын. Әңгіме барысында маған ұстазым: «Мен бұл әрекетті сіздің дайындығыңызды тексерейін деп, әдейі жасадым. Осылай өз пәніңді сүйсең, кез-келген тақырыпқа дайын болуыңыз керек және студенттерге нақты ақпараттармен жеткізе білу керек, сен бұл сыннан өттің» - деді.

Міне, бұл ұстаздың - жас оқытушыларды дайындаудың бір құралы екенін ұқтым, шынында да оқытушыларға күтпеген жағдайлар қалыптастырып, қысылтаяң кезге олардың дайындығын шыңдау – тәлімгерліктің ең негізгі тәсіл екен.

Кейін, әбден төселгеннен соң, оқу материалдарын әзірлеп, орыс тілінен мемлекеттік тілге аудару барысында бір-бірімізден сұрап, тіпті аударып болған соң бір-біріміздің аударған мәтінімізді тексеретінбіз. Сол кезде ол: «Мен де бәрін біле бермеймін, кей білмейтінімді білмегенімді сенен үйрендім» дейтін. Әрине бұл салыстырмалы ғана айтылған жайт. Ол шәкіртіне «Үйрену үлкен-кішіге қарамайды» деген қағиданы ұқтырғаны деп білемін. Ал шын мәнінде, Қараман Еңсепбайұлының аудармашылық қабілеті мен шеберлігі өте жоғары болатын. Айта кететін жайт, Қ.Е.Жарылқасынов - Қазақстан Республикасында медицина саласы бойынша кандидаттық диссертациясын мемлекеттік тілде қорғаған бірінші ғалым болды.

Қазіргі күні мен де дәріс оқуға төселдім, студенттік лектердің басым бөлігіне дәрістер оқимын, әр оқыған сайын «Ұрпақтар сабақтастығы деген осы екен ғой» деген ой келеді. Жұмыс бөлмемде отырып, кейде бір нәрсені сұрағым келіп, «Қареке» деп дауыстағым келеді (жұмыста бөлмеміздің есіктері ашық тұратын, ол кісі атымызды айтып айқайлайтын, менде кейде ол кісіге дауыстап жауап беретінмін), алайда, оның жоқ екені есіме түседі де құлазып қаламын.

Ұстаздың шәкіртке берері мол, ал шәкірттің ұстазға беретіні - тек құрмет пен ықылас және үйренгенін өз шәкірттеріне жеткізу. Қазіргі күні университетіміздің анатомиялық мұражайында «Қалыпты анатомия» кафедрасының ұжымы тарапынан осы бір танымал жандарға, екі бірдей профессорға арналған бұрыш жасалуда. Осы ұстаздар – бүгінгі ұстаз болып жүрген жандарға – ҰСТАЗДАРДЫҢ ҰСТАЗЫ» бола білді, ал біз кейінгі буын анатомдарға сол жандардың деңгейіндегі тәлімгер бола аламыз ба, бізді де шын ұстаз деп атайтын болады ма? Әрине, бұл – уақыттың еншісі.

Қалыпты және топографиялық анатомия мен

оперативтік хирургия кафедрасының жетекшісі,

м.ғ.к., С. Рахманов