Студенттердің LV мерейтойлық ғылыми конференциясы

14 мамырда Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде студенттер мен жас ғалымдардың халықаралық қатысыммен ғылыми конференциясы басталды. Дәстүрге айналған аталмыш конференция бұл жолы мерейтойлық 55-ші кезегін атқаруда.

 Конференцияға Марат Оспанов атындағы БҚММУ студенттерімен қоса, Астана, Алматы, Қарағанды, Семей, Шымкент қалаларынан, көрші елдердің Мәскеу, Уфа, Ташкент, Новосібір, Орынбор, Томск, Краснодар, Челябинск, Астрахань, Қазан, Курск, Ижевск, Симферополь, Минск, Киев, Одесса, Луганск, Запорожье, Бішкек қалаларынан қонақтар қатысты.
Университеттің мәжіліс залында конференцияның ашылу рәсімі өтті. Ғылыми және клиникалық жұмыстар жөніндегі проректоры Т.А. Джаркенов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәт-сапар тіледі. Үздік студенттік ғылыми үйірмелер мен жекелеген белсенді үйірме мүшелерін марапаттады. Өнерпаз жастар мен «Ювентус» хор үйірмесінің ән-би өнерлері тамашаланды. Ашылу салтанатынан кейін қатысушылар өздеріне қажетті секцияларға тарасты.
Новосібір мемлекеттік медицина университеті, емдеу факультетінің 2-курс студенті Максим Костин:
- Дима екеуміз өзге авторлармен бірігіп, ғылыми жұмыс жаздық. Соны ортаға салмақ ниетте келдік. Экспериментке қатыстым. Бұған дейін де конференцияларға қатысып жүрмін, бірақ Ақтөбеге алғаш келуім. Жергілікті студенттердің біразымен танысып та үлгердік. Қыз-жігіттер өте қонақжай екен. Ұнап жатыр.Башқұрт мемлекеттік медицина университеті, емдеу факультетінің 5-курс студенті Идрисов Айнур:
- Мен акушерия-гинекология саласы бойынша келдім. Қазақстанға тұңғыш келуім. Осында оқитын студенттер өте жайдары қарсы алды. Бәрін түсіндіріп, көрсетіп жатыр. Жай ғана отырып, әңгімелесудің өзі бір ғанибет. Қазақстандықтардың қонақжайлылығын бірден байқадым. Жан-жақтан келген студенттермен танысып жатырмыз. Баяндама оқимын. Қаламдастарым бар, бірақ, олардың сабақтары, жұмыстары болып келе алмады. 
Башқұрт мемлекеттік медицина университеті, емдеу факультетінің 4-курс студенті Шафикова Алина:
- Анатомия және оперативті хирургия саласында баяндама жасаймын. Әрине, толқып тұрмын. Алайда, бізді қарсы алған студенттердің пейілі сол толқуды сейілткендей болды. Қуаныштымын. Облыстық ауруханаларыңызды көрдік. Барлығы ұнады.Семей мемлекеттік медицина университеті ЖМ факультеті, 4-курс студенті Жанерке Саду:
- Акушерия-гинекология секциясына қатысты баяндамамен келдім. Конференцияның өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны байқалады. Ақтөбеге бірінші рет келіп тұрмын. Өте әдемі қала екен, студенттер де ақкөңіл, жайдары жандар екен. Достасып кетеміз деп ойлаймын. 
«Жас гигиенист» үйірмесінің жетекшісі Үсенов Нұрлан:
- Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің қабырғасында жүргеніме 5 жыл болды. «Жас гигиенист» үйірмесі 10 жылдан астам жұмыс жасап келеді, 9 ғылыми жұмыс шығарып отырмыз, оның әрқайсысының өз ерекшеліктері бар. Дәрумендер туралы, жүкті әйелдердің тамақтануы туралы ақпарат беріледі. Оның адам денсаулығында атқаратын маңызы зор. Студент жастардың өздерімен бірге ала келген жаңалықтарын, зерттеу жұмыстарын ортаға салып, тәжірибе бөліспек мақсатта жиналған бұл конференцияның ғылым қуған болашақ мамандарға берері мол.Салтанат Тоғызбаева