Кафедра жетістіктері

№4 студенттер жатақханасында Әлеуметтік медицина және денсаулық сақтауды ұйымдастыру кафедрасының ұжымы Кафедра күнін өткізді. Кафедра тарихынан сыр шерткен слайдтан әр кезеңдегі кафедра жетекшілері туралы мәлімет алдық. Әр жылдардағы доценттер мен оқытушылар, кафедра мақтаныштары жайлы сөз болды. Магистранттардың жетістіктері, кафедрадан шыққан әр жерлерде бас дәрігерлердің болуы кафедра қызметінің жауапкершілігін аңғартты. Кафедра пәндерінің болашақта берер пайдасы жан-жақты талқыланды. Әлеуметтік медицина және денсаулық сақтауды ұйымдастыру кафедрасының өткені және бүгінімен кафедра жетекшісі Ермуханова Л.С. таныстырды.

«Болашақ» бағдарламасымен шетелге оқуға түскен Рахманов Елтай мен Ажкеева Нургульдің болашаққа талпыныстарына қошемет етіп, студенттер Нургульді ортаға алды. Магистратураға «Болашақ» бағдарламасымен шетелге оқуға түсу үшін қойылатын шарттар туралы сұрақтар қойып, тілектерін білідіріп, құттықтаулар жолдап жатты.
Ажкеева Нургуль өзінің ең алғаш Ұлыбританияға өтініш бергенінен бастап, оқуға қалай түскенін айтып, студенттердің қызығушылығын тудырды. Оқыған адамға ешбір жерде шектеу жоқ екендігін дәлелдеп, студенттерге берілген мүмкіндіктерді толығымен пайдалануға кеңес берді.
Сол секілді осы факультеттегі 1-ші жылғы магистрант Айтмағанбет Перизат та оқу бітіргеннен кейінгі ауылдағы тәжірибесімен бөлісті. «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен еңбек жолын ауылдан бастаған Перизаттың өз мамандығы туралы білгенінен білмегені көп еді. Кітаптан бас алмай оқығанның арқасында бүгінгі күнгі «магистрант» деңгейіне жеткенін мақтанышпен баяндап берді. Ұстаздарының еңбегін бағалай келе, кейінгі жастарды оқуға, мамандығын құрметтеуге, ағылшын тілін білуге шақырды.
«Шын жүйрікке тұсау жоқтығын» ұғынған студенттердің білгісі келетіні көп, сұрақтары да таусылар емес.
Отырысқа оқытушылардан Жайлыбаев М.С., Сатенова Г.А., Калдыбаев К.К. және Ермуханова Л.С. қатысып, студенттерге мамандықтың қыр-сырын түсіндіріп, ақ тілектерін білдірді. Мамандықтарына қатысты сұрақтар қойылып, кроссворд шешіп, студенттер жан-жақтан жарысып, кішігірім сыйлықтарға да ие боп жатты.
Кешке қатысып отырып ұққаным – студенттердің көздерінде болашаққа деген талпыныс, өмірге деген құштарлық, мамандыққа деген мақтаныш бар екен. Тәуба! Жастарымыздың қанаттары мұқалмаса екен!

Салтанат Тоғызбаева