Команданың жүрегі еді...

«Эксклюзив» КВН командасының мүшелері – бір отбасының балаларындай татумыз. Темірлан кеткелі бауырымыздан айырылып, қайғыдан бас көтере алмай қалдық. Себебі ол-біздің команданың жүрегі еді. Сол жүрек соғуын тоқтатқалы, өз-өзімізге әлі келе алмай жүрміз, сене алмай жүрміз...

 

Темірлан дара еді...Ол қандай жұмысқа кіріссе де, мінсіз жасайтын. Ойын кезінде музыкамен әрлеу Темірланның мойнында болатын, КВН-ге дайындық кезінде қай әзілге қандай әуен ойналатынына дейін біліп, жасап отыратын, сондықтан болар, біздің барлық ойындарымыздың музыкасы уақтылы, дәл, керемет шығатын. Республикалық Жоғарғы лига командалары да Темірланды бізден сұрап алғысы келетін, себебі өз ісіне асқан мұқияттылықпен қараушы еді.

Өте мейірімді, ақжарқын еді... Ойын басталуына санаулы күндер қалып, сценариіміз дайын болмай, көңіл-күйіміз түсіп, тіпті ұрысып қалып жатсақ та, Темірланның бір ауыз әзіліне жадырап, қайтадан дайындыққа кірісетінбіз. Ол команда мүшелеріне ешқашан көңілімізді түсірмейтін қуат беретін...

Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын, бауырым! Біз сені ұмытпаймыз!

«Эксклюзив» КВН командасы

Адамгершілігі мол еді...

Гусмангалиев Темірлан 2013 жылдан бастап Студенттік кәсіподақ ұйымының мүшесі болды. Алғаш рет IV қайырымдылық балына белсене қатысып, көзге түскен болатын. Әртістік қабілетінің арқасында КВН командасында ойнады. Түрлі әзілдер, күлкілі әндер, сахналық қойылымдар ойлап тауып, университет қана емес, жатақхананың қоғамдық өмірінде де із қалдыра білді.


Темірланның бойында жауапкершілік, адамгершілік сезімдерінің жоғарылығы сонша – ешкімнің өтінішін жерге тастамайтын, қандай тапсырманы да мұқият орындайтын. Оның сыйласатын, сырласатын достары көп еді, олар Темірланның мейірімді, адал және тәрбиелі екендігіне сүйсінетін.

Өмірдің әр сәтіне шынайы қуана білетін Темірланның жарқын бейнесі жадымызда қалары сөзсіз!

Студенттік кәсіподақ ұйымы 

Қош бол, Темірлан!

Гусмангалиев Темірлан Серікқалиұлы Батыс Қазақстан облысында 1995 жылдың 24 тамызында дүниеге келген. Ол Марат Оспанов атындағы БҚММУ-нің «Медицина- профилактикалық ісі» факультетінің 3 курсында оқитын.

Темірлан оқу ордасының табалдырығын аттағаннан бастап, университетте өткізілетін мәдени іс-шараларға белсене араласты. Әлеуметтік-тәрбие орталығы ұйымдастырған концерттік бағдарламалар кезінде, КВН, Жайдарман ойындарында әуендерді реттеп, музыка қосуға жауапты студент ретінде Темірланға тапсырылатын. Университеттегі республикалық деңгейде көрініп жүрген «Эксклюзив» КВН командасының мүшесі, әрі біздің ойынды бастан-аяқ музыкамен сүйемелдейтін. Жатақханалар арасындағы конкурста «Жаңа толқын» командасы құрамында өнер көрсетті. Жауапкершілігі мол, сабырлы, өз ісіне мұқият студент болатын...


Кеше ғана арамызда жарқырап жүрген жалынды жас туралы өткен шақта айту қандай қиын еді?! Бұл қайғы баршамызға ауыр тиді. Жиырма жасында аққан жұлдыздай жарқ етіп, мәңгілік сапарға аттанған Темірланның бейнесі бәріміздің жүрегімізде сақталады!

 Әлеуметтік-тәрбие орталығы