Түсі игіден түңілме

http://turizm-hit.ru/

Естеріңізде болса, 29-мамырда Қалыпты анатомия кафедрасы ұжымының ұйымдастыруымен  балаларды қорғау күніне орай «Бала - өмір шуағы» атты қайырымдылық акциясы өткен болатын. Студенттер түрлі қолөнер бұйымдарын жасап, аспаздық өнімдерін жұртшылыққа сатып жәрмеңке жасаған болатын.

 

«Жайсаң» мектеп-интернатының балаларын қонақ еткен студенттер сатылған бұйымдар мен тәтті тоқаштардан және ойындардан жиналған қаражатқа «Жайсаң» мектеп-интернатының оқушыларына арнап оқыту, түзету жұмыстарына қажетті құралдарды алып беруге уәде еткен еді.


«Түсі игіден түңілме» деген жақсы сөз бар қазақта. Міне, бүгінде студенттеріміз сол уәделерінде тұрып, мәрттік танытты.

Уәделі уақытта студенттер университет алдына жиналып, Қараман Еңсепбайұлы Жарылқасыновтың бастауымен Жайсаңға жол тартты.

Арнайы түзету-жаттықтыру жұмыстарын жүргізуші Д.Б. Кувшанова барлық құрылғылар мен арнайы түзетуге арнаған ойыншықтарды көрсетті. Аяқ бұлшықеттерін қатайтуға және тыныс алу ағзаларын нығайтуға арналған велотренажер, жүрісті түзетуге арналған stepper құрылғысы, түрлі шарлар, релаксацияға арналған төбешіктерді қалай қолдану керектігін түсіндіріп, балаларды жаттықтырды.


Интернат тәрбиеленушілері ерекше және қалыпты топтарға бөлініп оқиды. Бастауыш және жоғары кластарға арналған 2 оқу корпусы, асханасы, моншасы, спорт залдары, тігін, тоқу бөлмелері, кір жуу орындары бар. Балалар үшін тоқу, іс тігу, ұсақ бисерден бұйымдар жасау, ермексаздан бұйымдар жасау сынды әжептәуір зейін мен ынтаны талап тетін жұмыстар үйреншікті әдеттеріне айналған. Аты психикалық дамуында бөгелісі бар мектеп-интернат болғанымен, бұл жерде өнерлілер көп екенін байқадық. Бөлмелері де мұнтаздай. 


ДЦП ауруларымен ауыратын, даун синдромы бар, психикалық дамуында бөгелістері бар балалардың денсаулығына пайдалы боп табылатын осы құрылғыларды сыйлаған студенттеріміз де ерекше қуанышты. Бала жүзінен қуаныш сезімін көруді мақсат етіп барған студенттеріміз балалармен бірге ойнап, доп теуіп мәре-болысты. Бұл интернатта 160-тай тәрбиеленуші болса, оның 30%-ы – жетім балалар. 7  жастан 18 жасқа дейін осы жерден алаңсыз тәрбие алып, үкіметтің қамқорлығында болады. Одан кейін арнайы колледжде оқиды. Ал ата-анасы жоқ жетім балалар 23 жасқа дейін интернат ұжымының бақылауында болады. Биыл колледжге 6 интернат түлегі оқуға қабылданды.

Бір жыл бұрын интернат директоры болып тағайындалған Адиль Бакбердыевич Уразов – сол Жайсаң өңірінің тумасы. Өз жеріне, тәрбиеленушілеріне жанашырлықпен қарайтынын сөздерінен аңғардық:


-      Балалардың түзету жаттығуларына арналған шағын залдың тұтастай бір қабырғасына айна орнатамыз – дейді.

-      Мекемелеріңізге жанашырлық танытып, материалдық жағынан көмек қолын ұсынушылар бар ма?

-      Әрине, кей кәсіпкерлер демеуші боп жатады.

-      Өздеріңіз балалармен бірігіп бақша егумен айналыспайсыздар ма?

-     Менің бұл жерге келгеніме бір-ақ жыл болды. Келесі жылға жеміс ағаштарын егіп, бақ өсіруді жоспарлап отырмыз – деп ағынан жарылды. Бізге, студенттерге келгендеріміз үшін, оларға көңіл бөлгеніміз үшін алғысын жаудырып шығарып салды.


Ал, Саша, Дима, Карина, Сережалар болса, автобусымыз ұзап кеткенше қолдарын бұлғап тұрды.

Салтанат Тоғызбаева