Балаларға бақыт сыйлаймыз

Ақтөбеде, дағдарысқа қарамастан, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің ұйымдастыруымен кезекті VI Қайырымдылық балы дүрілдеп өтті.

Балдың бас демеушісі «Зере» мейрамханасында 700-дей адам жиналды. Аталмыш шараға танымал дәрігерлер, әртістер, кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері жиналды. «Балаларға бақыт сыйлаймыз» тақырыбында өткен бұл жолғы бал Қазақ хандығының 550 жылдығына және ҚР Тұңғыш Президенті күнінің құрметіне арналған болатын.

Балдың құрметті қонақтары – Ақтөбе қаласының әкімі Бекбол Сағын, медицина қызметкерлері кәсіподақ ұйымымының төрайымы Мереке Бутина қатысушыларға мейірбандылық пен елгезектік танытқаны үшін алғыс білдіріп, мүмкіндіктері шектеулі балалардың ата-аналарына барлық игіліктер тіледі. Шара ұйымдастырушысы Марат Оспанов атындағы БҚММУ ректоры Ербол Бекмұхамбетов те дебютанттарға, келген қонақтарға алғыс айтты.


- Мен осы шараға бей-жай қарамай, мұқтаж жандарға көмек қолын созуға ұмтылғандардың барлығына ризашылығымды білдіремін. Жыл сайын осы біздің балдың арқасында мүмкіндіктері шектеулі жандар, ата-анасы жоқ балалар, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылары көмек ала алатындығы – көңіл қуантарлық жай – деді университет ректоры Е.Ж. Бекмұхамбетов.


- Осындай шаралардың жиі болып тұруы маңызды деп ойлаймын. Біз осы әрекетімізбен тұрғындардың қорғансыз бөлігіне, яғни, мүгедек балаларға, жетімдерге, әлеуметтік жағдайы аз қамтылған отбасыларына көмек береміз – деді өз сөзінде қала әкімі Бекбол Сағын.


Балдың мәдени бағдарламасы да лайықты деңгейде өте күрделі болды.

Әйгілі шараның ең басты қатысушылары – Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті мен Ақтөбе медицина колледжінің 80 дебютанты. Жастар кастингтен өтіп, классикалық би өнерінен арнайы сабақтар алды. Талапқа сай, балды полонез ашып, соңынан вальс ойналды. Қайырымдылық балында әр бөлшекке көңіл бөлініп, айнымаған қалпында өткен жүзжылдықтар көрініс берді: бал көйлегін киген қыздар, смокинг киіп сымдай тізілген жігіттер жарық шамдар аясында рояль әуеніне дөңгелене қалықтағанда, өзге бір әлемге кіргендей әсер аласың. Олар ленька, полька билерін орындап, айналаны шат-шадыманға бөледі. Дебютанттар көрермендерді биге шақырған кезде мереке шырайы кіре түсті. Балды одан сайын көркейте түскен «Мега-Старс Ақтөбе» балалар би ансамблінің «Королевский цветок» биі болды. Шара соңында көрермендер кештің ханзадасы мен ханшайымын таңдады. Студенттердің ең әдемі жұбы болып, сабақтарын өте жақсы оқитын университетіміздің «Стоматология» факультетінің 3-курс студенті Жетібаева Дания мен «Жалпы медицина» факультетінің 4-курс студенті Динмухаммед Фархат танылды. «Ханшайым», «Ханзада» атақтарына әбден лайық жандарды біз де өз кезегімізде құттықтап кеткіміз келеді.

Кеш нәтижесінде рекордты 5,5 миллион теңге жиналды. Қаражаттың бір бөлігін Марат Оспанов атындағы БҚММУ бөлсе, енді бір бөліктерін қала клиникаларының бас дәрігерлері мен Ақтөбе медициналық колледжі бөлген болатын. Билет сатылымынан 2,5 миллион тенге жиналды. 100 000 теңгеден мүмкіндіктері шектеулі 20 балаға берілді, сонымен қатар, Марат Оспанов атындағы БҚММУ және медициналық колледжінің әлеуметтік жағынан аз қамтылған  және ата-анасы жоқ 55 студенті де көмектен құр қалмады. Ұйымдастырушылар келесі жылы да қайырымдылық шараларын жалғастыруды жоспарлап отыр.

Бізге әп-әдемі дайын өнім ұсынылып, көрерменіне тамаша әсер сыйлайтын осынау балдың жүзеге асуы оңай соқпағаны бесенеден белгілі. Осы орайда, әр жыл сайын жастарды бір арнаға тоғыстырып, бір мақсат, бір мүддені көздеп, жан-жағына шуақ-нұрын төгіп жүретін бір жан туралы айтып кеткіміз келеді. Ол осыдан 3 ай бұрын бал жоспарын «сызып», соның дайындық қамына кірісіп кеткен болатын. Афишалар дайындау, шақырулар жасау, мейрамхана мәселесі, қатысушылармен келісу, кастинг, хореограф табу, музыка, демеушілер... осы секілді мәселелер толып жатыр.

-  Балды жыл сайын өткізесің

-  Айтпағыңызды түсініп отырмын, «неге» дегіңіз келеді ғой? Түсіндірейін. Біріншіден, балды өткізу – бала кезден үлкен арманым болатын. Мектеп табалдырығында бұл арманымды жүзеге асыра алмаған соң, мүмкіндікті пайдаланып жатырмын. Әрі адамдарға жақсылық жасағым кеп тұрады. Бұл балдан менің ғана емес, қатысушылардың да, көрермендердің де, демеушілердің де, мұқтаж жандардың да алары бар. Біреулер материалдық жағынан көмек алса, жастар жағы тәрбиеге, жанашырлыққа, өзгенің қайғысына бей-жай қарамауға, өзіндегімен бөлісуге ұмтылады. Тіпті, жүрек түкпірінде жатқан сырлы сезімнің де бүршік жаруына осы балдың септігінің тимесіне кім кепіл? Ал, енді рухани азық, көңіл сарайының кеңіп қалуы жөнінде сөз басқа. Бір мезгіл күйбең тіршіліктен қол босатып, жан сарайдың да жағдайын ойлап қойған жөн ғой (күледі).

Біз сөз етіп отырған бұл жан – Студенттік кәсіподақ ұйымының төрағасы Шайымбетов Жангелді. Жас та болса, бас болып, көмекке мұқтаж жандардың жүректеріне жылу сыйлап, игілікті іс жасауды үрдіске айналдырған Жангелдіден үйренеріміз көп.

- Қайырымдылық шараларын біздер – дәрігерлер жасамасақ, кім жасайды? Дәрігер, ең алдымен, мейірімді болуы керек. Қолымыздан келіп тұрса сауапты істі неге жасамасқа?

Мен өз атымнан және барлық қатысушылардың атынан университет ректоры Ербол Жасұланұлына алғыс айтқым келеді. Жоспарларымды ұсынып алдына барғанымда ешқашан бетімді қайтарған емес. Жалпы, ректорымыздың қайырымдылық көрсетуде өзі де ниет білдіріп тұратынын көріп жүрміз ғой. Осындай атпал азаматтардың қолдауы біз үшін үлкен мәртебе.


Иә, «азамат» деген ұғымы терең атаудың алдына «қайырымды», «мейірімді», «жомарт», «абзал», «атпал» деген эпитеттердің қай-қайсысының жоғарыда аттары аталған жандарға артық етпейтініне осы бал арқылы тағы бір мәрте көзіміз жетті. Және осы азаматтар біздің университетімізде!

Салтанат Тоғызбаева