Балалар үйіне базарлық

http://turizm-hit.ru/

1-маусым - Халықаралық балаларды қорғау күні ретінде ерекше дата. 

Бұл күннің басты ерекшелігі сол – еліміздің ертеңі, болашағымыз саналатын балаларға күнделікті өмірдегіден айрықша көңіл бөлініп, төрімізге шығарып, төбемізге көтеріп жүрген еркелерімізді де ерекше әсерде қалдыратыны рас.

Аталған мереке аясында М.Оспанов атындағы БҚММУ «Жалпы медицина» факультетінің 120-топ студенттері мен топ кураторы Ж. Қожабекова қаламыздағы «Үміт» сәбилер үйіне қайырымдылық шарасын ұйымдастырды.


Жабырқаған жанның жүзіндегі мұңды сейілту – кез келген жомарт жанның парызы. Сондай жомарттықты қоғамның бір мүшесі ретінде студенттер қауымы да көрсете білді. Кейбірі ақылы бөлімде оқитынына қарамастан, студенттер бұл шараны бірауыздан қолдады. Шараның мақсаты – студенттер бойында мейірімділік, қайырымдылық қасиеттерді дамыту, қараусыз қалған жандар мен ата-анасынан айрылған балаларға көмек қолын созуға баулу болды.


Жабырқағанның жанынан табылып, мұқтаждың мұңын тыңдап, көмек қажет еткен жанға қолдау көрсету әрбір ұлтжанды азаматтың парызы деп білген студенттерді шараға жұдырықтай жұмылдыра білген университеттің тілдер кафедрасы қазақ тілі курсының ұжымы. 1-маусым балаларды қорғау күні қарсаңында «Үміт» сәбилер үйіне қайырымдылық шарасын өткізу бұл ұжымда жыл сайынғы жақсы дәстүрге айналған. «Үміт» сәбилер үйіндегі бөбектердің көңілін көтеру мақсатында әр түрлі ойындар ұйымдастырылып, олардың тақпақтарын тыңдап, оларға сыйлық тарту етіп бөбектер жүзіне қуаныш сыйлау үшін мекеме басшылығының рұқсатымен барған студенттер балалармен уақытты көңілді әрі ұтымды өткізе білді. Сәбилерге ойыншықтар, тәттілер т.б. тарту етілді. Мекеме басшылығы студенттерге алғысын білдірді.

Жұлдыз Қожабекова

Қазақ тілі курсының оқытушысы