Қазақстан Республикасы Президентінің инаугурациясы

2015 жылы 26 сәуірде кезектен тыс Қазақстан Республикасының Президентін таңдау мақсатында сайлау өткен болатын. Қазақстандықтар әрбір сайлау учаскелерінде кезекке тұрып, еліміздің болашағы үшін дауыс берді. Бұл – осыдан бұрынғы өткен сайлауларға қарағанда, халықтың келешекке деген үлкен сенімінің артқанының айғағы. 

 Сайлауда «Нұр Отан» партиясының атынан ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевпен қатар, Коммунистік халық партиясының орталық комитетінің хатшысы Тұрғын Сыздықов пен ҚР кәсіподақ федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайыновтың кандидатуралары ұсынылған болатын. Халықтың 97.75%-ы бір ауыздан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа дауыс берді.

Осыған орай, 29 сәуірде Қазақстан Республикасы Президентінің инаугурациясы болды. Ант қабылдау салтанатты жиынына Парламенттің екі Палатасының да (Мәжіліс және Сенат) депутаттары, Конституциялық кеңес мүшелері, Жоғарғы сот өкілдері, Үкімет мүшелері қатысты. 

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ресми түрде Қазастан Республикасының Президенті ретінде тағы бір мәрте танылып, ел алдында салтанатты түрде ант берді.

Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің мәжіліс залында университет әкімшілігі мен ӘТЖО қызметкерлерінің ұйымдастыруымен, ұжым қызметкерлері мен студенттер тікелей эфирде өткен шараға қатысты. «Нұр Отан» партиясының сары және көк түстес футболкалары, бейболкалары және жалаушалары инаугурацияға қатысқан барлық жандарға: студенттер мен оқытушыларға, қызметкерлерге ерекше сән берді.

Тілдер кафедрасының оқытушысы Е.Н. Агапов, әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының оқытушысы Б.А. Молдин және Студенттік ғылыми қоғамының жетекшісі В. Медовщиков тебірене сөз сөйлеп, көпшілікті ортақ жеңіспен құттықтады. Патриоттық бағыттағы «Атамекен» әні мен Қазақстан Республикасының Әнұраны қатысушыларға ерекше рух беріп, келешекке деген үкілі үміт пен зор сенімді нығарлай түскендей!?

Ертеңімізге алаңдамай, жарқын болашағымызға қарай нық сеніммен алға басамыз! Елбасының бұл жеңісі – халықтың жеңісі!

Салтанат Тоғызбаева