Қазіргі Қазақстандағы Ұлттық саясаттың ерекшеліктері

http://turizm-hit.ru/

20 мамыр күні Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының негізінде құрылған «Зерде» қоғамдық пікірсайыс клубының ұйымдастыруымен «Қазіргі Қазақстандағы Ұлттық саясаттың ерекшеліктері» тақырыбында пікірсайыс өтті, бұл шара «Қазақстан Халықтар Ассамблеясының» 20 жылдығына арналды.

Ұйымдастыру жұмыстарына кафедра оқытушылары және студенттердің өзін-өзі басқару құрылымының белсенділері атсалысты. Жалпы пікірсайысқа екі жүзден астам студенттер мен оқытушылар қатысып, өзара ой бөлісті, жастардың сұрақтарына профессор А.Т. Тайжанов, аға оқытушы М.Е. Ергалиев жауап беріп, пікір алмасты. Тақырыпты нақты ашу үшін Жалпы медицина факультетінің 2 курс 212 топ студенті Жұмашев Әлішер «Қазақстандағы ұлттық саясаттың ерекшеліктеріне» қысқаша баяндама жасап, пікірайысты әрі қарай жүргізді. Әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының жетекшісі, профессор А.Т.Тайжанов Қазақстанда қалыптасқан ұлтық саясаттың ерекше үлгісіне, көп ұлттар мекендеген автохтонды ұлты қазақ болып табылатын еліміздің жүргізіп келе жатқан саясатының толерантты екенін, еліміздегі өзге ұлттардың шыққан тегі, рөлі, әлеуметтік орнына қарай болу үрдісінің жоқ екенін, әсіресе, «өзге елдерде қалыптасқан рассизм, негилизм, шованистік көзқарастардың  байқалмауы біздің мемлекетте дұрыс жүргізіліп жатқан саясаттың көрінісі» деп түйіндеді.

Әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының аға оқытушысы М.Е. Ергалиев Қазақстан Халық Ассамблеясының қысқаша тарихына тоқталды, қазір қоғамда саяси институт ретінде қалыптасқан бұл ұйым саяси, экономикалық, рухани салада мемлекеттік саясатты негізгі бөлігі ұлттық саясатты қалыптастыруда тиімді, өз үлесін қосып келеді. «Ұлттық саясатта «Ұлттық қауіпсіздік» деген ұғым бар, ұлттық қауіпсіздік ұлттың өз тілін, дәстүрін, ұлттық құндылықтарын сақтау, осы салада «Достық Үйі», «Ұлттық театрлар», «Музейлер», «Ана тілі» курстары, «Газеттер», «Өнер үйірмелері» жұмыс жасайды. Қазақстанда барлық ұлттарға ортақ саясат жүргізілуде» деп өз ойын тұжырымдады.

Жүргізуші Жұмашев Әлішер қатысушы аудиториядан Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқы ассамблеясынның ХХІІ сессиясында «Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні – 1 наурызды немесе басқа уақытты, барлық ұлттың бір-біріне және осы адамдарды қабылдаған, аяушылық білдірген қазақтарға алғыс айту күні деп белгілесе әділетті болар еді» деген ұсынысына көпшіліктің пікірін сұрады. 

Көпшілігі «дұрыс, қолдаймыз, ондай күн болуы керек, ол күн барлық қазақстандықтарды бір-біріне жақындата түсер еді, достық пен мейірімділік, бірлік күшейеді» десе, екінші топ «Қазақтарға алғыс айту» күні қандай формада өтеді, халық қалай қабылдайды, шынайы сезіммен, дайындықпен мәні бар шаралар ретінде өткізсек қана дұрыс болар еді деген пікірде болды. Әрине, кез-келген шараның өзіндік мәні, ерекшеліктері бар, егер де осы күн атап өтілетін болса, өзімнің жеке пікірім -  «Қазақ халқының ұлттық құндылықтарын насихаттайтын, тарихын баяндайтын, жетістіктерін көрсететін шаралар» ретінде өткізсе, қазақ ұлтын толерантты, білімді, тарихы бай, текті ел деген жалпы мемлекеттік идеология қалыптастыратын игі бастама болса. Жер бетінде екі жүзден астам мемлекеттің 90%-да көп ұлттар мекендейді, ол соғыс, географиялық өзгерістер, экономикалық қажеттіліктер, ішкі, сыртқы миграцияның әсерінен. Қазақстанға өзге ұлттардың келу процесі шамамен 18 ғасырда орыс шаруаларының, кейін революция, азамат соғысы, Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі депортацияланған ұлттар, тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде қоныстанды.

Қазақстанға көшірілген зауыт, фабрикалармен келген өзге ұлттар өндірісіміздің индустриялануына, білім мен ғылымның дамуына өзіндік үлестерін қосты. Мысалы, бір ғана Ақтөбе өңіріне қазіргі АЗФ, Ақтөбе Рентген зауыты (қазіргі атауы) өндіріске, мәдени салада Т. Шевченко атындағы академиялық драма театры, Қобда ауданында «Калмакия» театрларының үлесі болды. Бүгінгі күнде де мемлекетіміздің спорт, ғылым, мәдениет саласындағы жетістіктерде өзге ұлт өкілдерінің орны бар. Ол – Қазақстандағы көп ұлттарға жасалып отырған мемлекеттің дұрыс жолға қойылған саясатының жемісі.  Жалпы шараға қатысушылар кешегі Керей мен Жәнібектен бастап, барлық хандардың, Қорқыт, Асан қайғы, әл-Фарабиден бастау алған ақын-жыраулардың, Шоқан, Абай, Ыбырайдан бергі ағартушылардың, Байтұрсынов, Шоқай, Ермеков, Сейфуллин, Дулатов сияқты қазақ зиялылары қалыптастырған, үлес қосқан «Біз болмасақ, Сіз барсыз, сіздерге бердім батамды» деп аманат еткен, ХХІ ғасырда әлемдегі 3000-нан астам ұлт пен этностардың ішінде тәуелсіз мемлекетін құрған және әлемнің алпауыт мемлекетіне айналған тату тәтті көп ұлттар мекендеген, бірлігі жарасқан  «Тәуелсіз Қазақстанды» одан әрі дамыту үшін, әрбір тұлғаның үлес қосуы – азаматтық міндетті деген қорытындыға келеді.

Б.А. Молдин 

Әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының оқытушысы