Қазақтың батыр қызы Әлия ерлігіне тағзым

«Жүріп өткен жолдарың нағыз аңыз,

Әлияны біз бүгін сағынамыз.

Дастанындай керемет мәңгіліктің,

Иесіне ерліктің табынамыз!»

Сақтаған Жұмағұлов

 

 Орнасын деп бейбіт күн мен тыныш түн,

 Оққа ұшты ару қызы шығыстың.

Ерлігімен қазақ халқының даңқын әлемге жайған шығыстың қос шынары Мәншүк пен Әлияның өміржолы талай ұрпаққа өнеге болары ақиқат. Өсер елдің аңызға айналған өр тұлғаларын тану – өз Отанын сүюдің, қайсар тектіліктің белгісі екені анық. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «ҚАЗАҚСТАН -2050» - Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Біз Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін дамытуға тиіспіз. Жаңа Қазақстандық патриотизм – еліміздің жарқын болашағының тірегі» деп атап өткен болатын. Жас ұрпақты Отанын сүюге, ол үшін аянбай қызмет етуге, елжандылық пен ерлікке тәрбиелеу мақсатында химиялық пәндер кафедрасының ұжымы Қоғамдық денсаулық сақтау факультетінің студенттерімен қазақтың батыр қызы – Әлия Молдағұлованың 90 жылдығына орай,қаламыздағы Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінде «Қазақтың батыр қызы – Әлия ерлігіне тағзым» атты әдеби-композициялық кеш ұйымдастырып, өткізді.


Кештің бірінші бөлімінде қазақтың батыр қызы Әлияның жарқын өмірі, Ұлы Отан соғысындағы көрсеткен ерлігі, туған елге деген зор махабаты – халқымызға, барлық ұрпаққа үлгі-өнегесі туралы кафедра доценті А.Г.Беккужин әңгімеледі. Бұл жастарды ерлікке, Отанын сүюге, Әлия ерлігіне бас ию- еліміздің жасампаздығын әлемге паш ету болып табылады.

Кештің екінші бөлімінде «Қос шынар» Әлия–Мәншүк қоғамдық қорының төрағасы Ғалымжан Байдербеспен кездесу ұйымдастырылды.

Кездесуде аттары аңызға айналып, ерлік істері барша ұлтты таңғалдырып, есімдері тарих беттерінде алтын әріптермен өрнектелген, ерліктің мәңгі алауын жаққан қазақтың қос шынары Әлия мен Мәншүктің, қазақтан шыққан жалғыз әйел-ұшқыш, қаhарман қыз Хиуаз Доспанованың ерліктері туралы әңгімелеп, қазақ қыздарының қайсарлығын, қажырлығын, еңбекқорлығын, кішіпейілділігін студенттерге үлгі ете отырып, оларды жақсы оқуға, Отанын сүюге, батырларын қастерлей білуге, елінің патриоты болуға шақырды. Кездесу соңында «Қос шынар» Әлия–Мәншүк қоғамдық қорының төрағасы Ғалымжан Байдербес топ кураторлары Ж.М. Абилова мен Г.Т. Галымжановаға «Ұлы даланың батыр қыздары», «Әлияның аяулы анасы» атты кітаптарына қолтаңбасын қалдырып, сыйға тартты. Студенттерге саналы тәрбие мен сапалы білім беруде осындай тағылымы мен тәлімі мол іс-шаралар өткізудің маңызы зор.


Отанға деген сүйіспеншілік, патриот деген ұғымдардың бос сөз емес екендігіне жастар тағы да бір көз жеткізді. Оған үлгі-Әлия!

Ж.М.Абилова

 Г.Т.Галымжанова

Химиялық пәндер кафедрасының оқытушылары