Қазағымның дәстүрлері-ай!

http://turizm-hit.ru/

Қазақтың салт-дәстүрлерінің астарында үлкен мән-мағына жатыр.

Тұрмысқа байланысты ертеректе туындаған кейбір салт-дәстүрлермен таныс болыңыздар:

«Ерулік» дегеніміз не?

- Ауыл арасына жаңа көшіп келсе, сол ауылда бұрыннан тұратын адамдар жаңа үй иелерін ерулікке шақырады, яғни ас пісіріп табақ тартады. Бұл жаңа көшіп келушілерді бөтенсіретпей өз ортасына тартудың, сыйласудың үлкен белгісі.

«Сірге жияр» туралы не білеміз?

- Күздігүні бие ағытарда соңғы қымыз бірнеше күн жиналады. Салт бойынша көрші-маңай, туған-туыс шақырылып, ет асылып, сірге жияр қымызы ішіледі.

«Қымызмұрындық» деген не?

- Ол – бие байлап, алғашқы қымыз ішу тойы. Бие сауылып, оның сүті қорланып ашытылған соң екі-үш күн бойы жиналған қымызға ақсақалдар мен көрші-қолаңдар «қымызмұрындыққа» шақырылады.

«Қазан шегелеу» деген не?

«Қазан шегелеу» «қонақ бола келдік» деген ұғымды білдіреді. Бұл дәстүр де – қазақтың қонақжайлық бейнесін танытатын ғұрыптардың бірі.

«Қолкесер» деген қандай дәстүр?

- Біреудің соғымын сойысқан союшыға үй иесі «қолкесерің» деп, сыбағалы етін береді. Соғым союшы байқаусызда қолын кесіп алса, соның төлеуі ретінде шыққан көрінеді.

«Салбурын» дегеніміз не?

- Бұл – аңшылық термині. Аңшы, саятшы жігіттердің топ болып, бірнеше күн бойы аңға шығуын «салбурын» деп атайды. Мұны аңшылық мерекесі десе де болады. Мұнда алған аң бәріне бірдей тең бөлінеді. Салбурын аңшылардың ерлігін, ептілігін, азаматтығын сынайтын жол.

«Сауын айту» туралы не білеміз?

- Бір елде ас, үлкен той болатын болса, ол күні бұрын (бірнеше ай, жыл) жан-жаққа хабарланып, «сауын» айтылады. Бұл жай шақыру емес, әр ел салт-дәстүрмен, яғни батыр-палуанымен, жүйрік атымен, ақын-жыршысымен келсін дегенді білдіреді. Асқа, тойға келгендер бір-бірінен асып түсуге тырысатын болған.

Мәліметтерді жинаған: Салтанат Тоғызбаева