Ел мен ердің жемісі

http://turizm-hit.ru/

Елді қорғау – ер азаматқа берілген ұлы мәртебе. Оны абыроймен атқарған ардагерлердің арқасында біз бүгін бейбіт өмір сүреміз.

 

Ұлы Жеңіс мейрамы қарсаңында 213 А, Б топ студенттері болып жиналып, Ұлы Отан соғысы ардагері 92 жастағы Жалмағамбетов Утеш атайдың шаңырағына барып, Жеңістің 71 жылдығымен құттықтадық. Ардагер атай студенттерді үйінде жылы қарсы алып, өзінің соғыс жылдарындағы басынан өткен оқиғаларымен бөлісті. Өзі қатысқан соғыс күрестері және ерен ерлігі мен қайсарлығы үшін алған медальдары туралы айтты.

Студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарға толық жауап алып, ардагерге жылы лебіздерін әнмен жеткізді. Ардагермен болған кездесуден студенттер үлкен әсер алды. Ел қамын ойлап, намысын қорғаған, елеулі еңбек сіңірген ардагер Утеш атаға алтын уақытын бөлгеніне алғыстарын жаудырды.

Бүгінде жеңіспен оралған жауынгерлердің жүрегі осыдан 71 жыл бұрынғыдай сыздайтыны анық. Әрбір ардагердің, олардың балаларының, немерелерінің жүрегі мақтаныш сезімімен лүпілдей соғары күмәнсіз.


Біздің мерекелік тойлауымыз онымен біткен жоқ, 6-мамырда Ұлы жеңіске арналған мерекелік іс-шараға ұласты. Шараны 213 А,Б топ студенттері мен «ТӘҚН» курсының оқытушысы Ж.З. Сәуірбаева ұйымдастырды. Мерекелік шараға курс жетекшісі А.Н. Жиенгалиева, оқытушылар және 220 А,Б мен 4-курс «Жалпы медицина» факультетінің студенттері қатысты.

Іс-шара Ұлы Отан соғысы кезіндегі қиыншылықтарды, халық көтерген қасіреттерді еске алып, өзіміз сияқты жалынды жастарды отанын сүюге, оны қорғауға баулу және Ұлы Отан соғысы тарихымен, қазақстандықтардың ерлік ісімен таныстыру мақсатымен « Ел мен ердің жемісі» атты ашық тәрбие сағаты негізінде өткізілді.

Студенттер үшін тағылымдық мәні бар іс-шарада сұм соғыстың шағын бейнесін бейнелейтін «22-маусым 1941 жыл» «Тылда», «Жеңіс» көріністері ұсынылды.

Сонымен қатар, студенттер соғыс жылдарындағы «Алия», «Катюша», «Синий платочек» секілді әсем әндер мен Дәулеткерейдің «Ерке сылқым» күйін орындады. Бейбіт күн үшін соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлерге алғыс айтып ҰОС ардагері Жалмағамбетов Утеш атамен болған сұхбатты талқыладық.


Ұлы жеңіс күні ел мен жері үшін жанын пида еткен, туған-туысқандарына, дос-жарандарына, туған жеріне, ауылына оралмай қалған қаhарман ерлерді бір сәт үнсіздікпен еске алдық.

Мерекелік іс-шара соңында А.Н. Жиенгалиева ұйымдастырушыларға рахметін айтып, баршамызды Ұлы Жеңістің 71 жылдығымен құттықтады.

Мәңгілік ерлікті есте сақтау және оны келер ұрпаққа айтып жеткізу – біздің парызымыз. Соғыстан қайта оралғандарға үлкен алғыс!

Ұлы Отан соғысы құрбандарына мәңгілік тағзым!

Қали Рауаш

213 Б топ студенті