Қалайсыз?

http://turizm-hit.ru/

Қалайсыз? Амансыз ба?

Тышқан жылы тығырыққа тіреп, жан-алқымымыздан алғанда, өмірдің соншалықты тәтті, ғажап, қайталанбас сондай керемет екенін түсіне түскендейміз...

2020 табалдырықтан тажал боп аттап, жер-әлемнің дегбірін қашырды. Covid деген аждаһаның уытты тілінің шарпымаған жері қалды ма екен? Биылдыққа көктем-жаздың рахатын жарытып сезіне де алмадық. Жылға жуық уақыт терезенің сыртында өтті де кетті, тепсе темір үзетін қанша зіңгіттей жігіттер бір жұтым ауаға зәру боп бұл өмірмен қош айтысып кете барды. Жас-кәріге, атақ-даңққа қарамай, әкені де, ананы да, досты да, құрдасты да әкете берді. Құдды бір қорқынышты фильмнің кейіпкерлеріндей күн кешкеніміз рас, әттең бірақ кино емес...

Әлемге келген бұл нәубет бізге нені түсіндірді? Бергеніміз де көп, алғанымыз да көп...

Бұрынғыдай миллиондап несие алмай-ақ, хал-қауқардың жеткенінше той жасауға болатынын еске түсіргендейміз бе? Бүгін қосылып, ертеңіне ажырасып жатқан қанша жастарды көріп жүрміз. Ата-ананың қалтасын қағып, жасаған тойдың шырайы шығып, жастар бақытты боп кетіп жатса, қанекей. Мәселенің бәрі ақша мен дәулетте емес екенін, қаласа лашықта да бақытты ғұмыр кешуге болатынын ұққандаймыз...

Бұл Covid от ала келіп, оң ісімізді ойран етсе де, осы қалпымен үлкен сабақ бергенін мойындау керек, қас-қағым сәттің қымбаттығын, алыс-жақын туыстың халін сұраудың қаншалықты маңызды екенін ұқтырды. Ауыздан шыққан жай ғана «Қалайсыз?» сөзі ерекше жылы екпінмен, нұрға бөлеп, шуаққа орап естілетін болды. Туыстық қарым-қатынастың, достықтың, мейірімнің биіктігін көрсетіп берді.

Заман талабына сай онлайн оқудың қыр-сырын да меңгеріп қалғандаймыз, соның арқасында біршама жерлердің интернет жүйесі жөнге келді. Бұрын баланың ұялы телефон ұстап отырғанын көрсе дүрсе қоя беретін ата-ана, қазір өздері бас-басына бір-бірден ұстатып, вайфайды ашып, бар мүмкіндікті жасауда. «Ұстаз» деген ұлағатты есім де бұл жолы өз мәртебесін мойындатты.

Айтып-айтпай не керек, дүние шыр көбелек айналып, астаң-кестеңі шықты ма? Бастапқыда маска тағып жүрудің машақаты да көп болатын, алқымнан алып бір нәрсе буындырып тұрғандай көретінбіз. Қазір маска қалтада артығымен жүретін болды, онсыз шыға қалсаң, бірдеңеңді ұмытқандай боп тұрасың.

Бұл Covid бұрын жақыныңның жанын ұғу соншалықты күшті қажет етпейтінін білсек те мән бермей келген қарақан басымыз, төбемізден мұздай суды ақтара салғандай селк еткізді.

 Бір тылсым күш адамдар арасында болатын нәзік тартылыс күшінің қуатын сездіргендей болды.

Университетімізде бірінен соң бірі бірнеше адамның осы дерттен дүниеден озғанын естіген сайын жүрегіміз шымырлап, алқымға жас тығылды. Ия, етене шүйіркелесіп, қоян-қолтық араласпасақ та, ол жандардың бұл өмірде бар болғанының өзі ғанибет болғанын ұқтық. Қызметтестерді шақырып, дәрі таратқан кездегі ұжымдастар арасындағы жылылық жүректі елжіретті. Тәубе дейміз. Тәтті, жылы, адал қарым-қатынастың қадірін түсіну үшін Тәңірден жіберілген сынақ деп қабылдайықшы. Қарапайым «Қалайсыздың» қадіріне жетіп жүрейік, достар!

Тоғызбаева Салтанат