Студенттер мен оқытушылар жолдауды талдады

Бүгінде көптеген мемлекеттік мекемелерде Қазақстан Республикасы Президентінің дамудың жаңа бағытын анықтайтын «ҚАЗАҚСТАН ЖАҢА ЖАХАНДЫҚ НАҚТЫ АХУАЛДА: ӨСІМ, РЕФОРМА, ДАМУ» атты жолдауы талданып, көпшілікке түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатырғаны белгілі.

 10-желтоқсан күні Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті, әлеуметтік саяси пәндер кафедрасы, «Зерде» қоғамдық пікірсайыс клубының ұйымдастыруымен «ҚАЗАҚСТАН ЖАҢА ЖАХАНДЫҚ НАҚТЫ АХУАЛДА: ӨСІМ, РЕФОРМА, ДАМУ» атты жолдауын түсіндіру мақсатында кезекті отырысы өтті. Сонымен қатар, жолдау аясында «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне» орай студенттер арасында «Мәңгілік Ел» тақырыбында зияткерлік олимпиада өткізілді. Зияткерлік олимпиадаға «Жалпы медицина» факультетінен 6 топ (101,102, 110, 111, 113, 117) қатысты. Сайыс бес кезеңнен тұрды: 1) саясаттану пәнінен сұрақтар, 2) саяси портретті сипаттау, 3) Абай Құнанбаевтың 45 қара сөздерінен тапсырмалар беріліп, оның мәні түсіндірілді, 4) мемлекет тарихынан, саяси мәселелерден сұрақтар қойылды және 5) «ҚР Президентінің бес институционалдық реформасындағы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарынан студенттер 74, 80, 81, 84, 89, 90-қадамдарға баяндамалар дайындап, әлеуметтік, экономикалық, саяси талдаулар жасады. Зияткерлік олимпиаданы студенттердің өзін-өзі басқару ұйымының мүшесі, «Жалпы медицина» факультетінің студенті Жұмашев Әлішер жүргізсе, қатысушы топтардың жұмыстарын Әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының аға оқытушылары М.Е. Ергалиев, С.С. Кумыспаевтар бағалады. Білім сайысының басты мақсаты – ҚР Президентінің жолдауында көрсетілген тапсырмаларды жастарға жете түсіндіру, «Мәңгілік Ел» идеясындағы басты жеті құндылықты қалыптастырудың бірден-бір жолы – сапалы білім арқылы бәсекеге қабілетті маман дайындаудағы әлеуметтік, саяси пәндердің рөлін көрсету. Студенттер жолдаудың бөлімдеріндегі, әсіресе, жаңа жаһандық туындаған қиындықтар мен дағдарысқа қарсы және құрылымдық жаңарулардың алдын алудағы стратегияларға көбірек тоқталды. Жолдауда айтылған мәселелерді жүзеге асыруда билік құрылымдары және мемлекетіміздің әрбір азаматы өз деңгейінде үлестерін қосқанда ғана бұл реформалар жүзеге асатыны айтылды. Сонымен қатар, «ҚР Президентінің бес институционалдық реформасы «100 нақты қадам» ұлт жоспарынан топтар арасындағы сайыс өте жоғары деңгейде тартысты өтті. Жарыс барысында «Саяси протреттерді» сипаттау бөлімінде 101, 102-топтар белсенді болса, «ҚР Президентінің бес институционалдық реформасындағы, 100 нақты қадам» ұлт жоспарынан талдау барысында Максутова Аида мен Нурантай Асылзаттың жұмыстары «үздік» деп танылды. Төрелік жасаған қазылар сайысты қортындылай келе, І ды - 102 топқа, ІІ ды – 111 топқа, ІІІ орынды – 113 топқа еншіледі.

Қорытынды сөз алған ф.ғ.д., профессор А.Т. Тайжанов, Президент мемлекеттің негізгі демографиялық құрылымы жастар екенін үнемі ескере отырып, жастар саясатын жетілдіруде және негізгі идеялар мен тапсырмаларды жүзеге асыруда жастардың орны ерекше екенін ескеретінін атай келе, мемлекеттің басты мақсаты – еліміздің экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамуының жаңа белесі – 30 дамыған мемлекеттің деңгейіне жеткізу екеніне тоқталды. Жастарға сәттілік тілеп, болашақ дәрігерлерге алғыс білдіре келе, «Мемлекет басшысы және біздер – аға буын өкілдері сіздердің болашақтарыныздан үлкен үміт күтеміз» деп сенім білдірді.

Бұндай шаралар жастардың білімдерін жетілдірумен қатар, еліміздің рухани, саяси және әлеуметтік-экономикалық даму мен жетістіктерін көрсете отырып, отандық патриотизм қалыптастыруда рөлі зор деп есептейміз. Бұл шараға 200-ден астам оқытушы профессорлар мен студенттер қатысып, өзара ой бөлісті. Зияткерлік ойынның негізгі мазмұны «Дүниені түзеткің келсе, алдымен өзіңнен баста» деген ұстанымда болды.

Б.А. Молдин

Әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының оқытушысы