Жаңа қазақстандық патриотизм қалыптастыру мәселелері

http://turizm-hit.ru/

Қазақстандықтар – жасампаз және жас ұлт, республиканың әрбір екінші тұрғыны – 30 жасқа толмаған жастар. Қазақстанның болашағы ел жастарының білім деңгейімен, олардың қоғамға ықпалдасуымен байланысты. Қоғамның негізгі тірегі – қозғаушы күші, саяси, экономикалық, әлеуметтік реформаларды жетілдіруде қоғам құрылымдарын модернизациялауды жүзеге асыратын да – жастар. Қазақстан Республикасы Президенттінің «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына жолдауының негізгі жеті бағыттың бірі «Жаңа қазақстандық патриотизм - біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі» деп атады.

2014 жылы осы мақсаттарды жүзеге асыруда "Қазақстан 2020: Болашаққа жол" Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы дайындалды және 2015 жылы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясаты туралы» ҚР заңы қабылданды. Реформаларды жүзеге асыруда барлық салалардың механизмдерін жетілдіру жұмыстары жүзеге асырылып жатырғаны белгілі. Құжатта мемлекеттік жастар саясатының басты үш міндеті қамтылып отыр. Бірінші, жастардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, екінші, жастарды елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өміріне тарту, үшіншіден, азаматтыққа тәрбиелеу және қазақстандық патриотизмді нығайту мақсаты қойылған. Сонымен қатар, жас отбасылар үшін қолжетімді тұрғын үй жүйесін дамыту, құқықтық мәдениет деңгейiн арттыру, сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiне төзбеушiлiкке тәрбиелеу, экологиялық мәдениеттi қалыптастыру, талантты жастардың қабілетін дамытуға жәрдемдесу және бос уақыт пен мәдени демалыс үшiн жағдай жасау мәселелері де көзделген. Бұл мемлекет тарапынан жастардың саяси, әлеуметтік дамуына жасалған қолдау. Ал, жастардың міндеттері – реформаларды жүзеге асырып, мемлекеттің дамуына үлес қосу, отанының патриоты болу. Мемлекет басшысы: «Патриот болу – бұл Қазақстанды өз жүрегіңде ұялату» деп айқындап берді. Отанға, өз жеріне, оның тарихына, мәдениетіне, онда тұратын халыққа, мерекелері мен күнделікті өміріне, мемлекеттік нышандарына деген айрықша тұлғалық қарым-қатынас қалыптастыру. Жастардың санасына патриотизм – өзің, отбасың және біздің Отанымыз үшін деген ұлы жауапкершілік екенін сіңіру ерекше маңызды. Жастар мемлекет тарапынан болатын қамқорлықтың объектісі ғана емес, жастар – қоғам өміріне қатысушы және оның даму сапасына, қарқынына ықпал ететін белсенді субъект. Жаңа қазақстандық патриотизм қалыптастыруда барлық институттардың рөлі мен орны маңызды. Соның ішінде, білім институттарының жауапкершілігі мен жүктемесі күрделі. Жаңа қазақстандық патротизмнің басты құндылықтары жастарға арналған бағдарламаларда анықталған. Оның ішінде, жастардың дәстүрлі құндылықтары білім мен мансап, білім беру жүйесінің еңбек нарығына айқын бейімделуді, анықталған қажеттіліктер мен технологиялық жаңалықтарды ескере отырып, білім беру мен кәсіптік даярлау жүйесінің экономикалық, әлеуметтік және кәсіпкерлік болмысқа сәйкес болуы талап етіледі. Жастар арасында ғылымның мәртебесін арттыру және оларды инновациялық жобаларды әзірлеуге қатыстыру – жастар саясатының негізгі бағыттарының бірі. Екінші бағыты жалпыға ортақ еңбек қоғамында жастардың аса маңызды негізгі құндылықтары – жастарды экономикалық-еңбек қызметіне тартуға негізделген еңбексүйгіштік пен ерекше еңбек этикасы болуы керек. Осыған байланысты, «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы: жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай жиырма қадам», Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламалары жастарға өздерін көрсетуге айрықша мүмкіндік беру үшін жасалған. Бұл жүйені қалыптастыруда білімді, саяси белсенді жастардың қосатын үлесі зор болмақ. Елінің патроиоты, мемлекетшіл азаматтарды қалыптастыратын – отбасы, отбасы – қоғам болмысының, мемлекеттің негізі, адалдық, адамгершілік және рухани үйлесім жүйесіндегі маңызды буын болып табылады. Отбасы қызметтері арқылы тұлға Отанға, өзі, өз жақындары үшін әлеуметтік жауапкершілік сезімін қалыптастырады. Өмірдің құндылығы, қауіпсіздігі және оны жалғастыру отбасымен тікелей байланысты болғандықтан, отбасы жастар саясаты мәселелерінде негіз болуы қажет. Себебі, «Отбасы – шағын мемлекет». Азаматтардың екінші үйі – еңбек ұжымы мен білім алған оқу орны. Марат Оспанов атындағы БҚММУ тұлғаның кәсіби маман ретінде дайындалуымен қатар, жан-жақты тұлға болып қалыптасуына барлық мүмкіндіктер жасалған. Француз ғалымы Ж. Боден «Патриотизм туған үйден басталады» деген, егер патриотизм туған үй, туған ауылдан басталады десек, біздің университеттің түлектері мемлекеттің «Дипломмен ауылға» бағдарламасын жүзеге асыруда республикада алдыңғы қатарда тұр. Мысалы, 2015 жылдың өзінде бір ғана Ақтөбе облысы бойынша 24 дәрігер дипломмен ауылдық жерлерге жұмыс жасауға барған. Қоғам – тірі организм, оның құрылымдары бір-біріне тәуелді, әрбір тұлға өзіне жүктелген тапсырмаларды жауапкершілікпен дұрыс атқарса, өндірістің де, сол арқылы мемлекеттің де дамуына өз деңгейінде үлес қосады. Антика дәуірінің ойшылы Платон «Идеялды мемлекет» құру теориясын тұжырымдаған, біздің пікіріміз: идеялды мемлекет – өзің туып-өсіп, білім алып, қызмет етіп, өмір сүріп жатқан мемлекет. Елінің Патриоты болу – өз ісіңді жауапкершілікпен атқарып, міндеттеріңді орындап, мемлекеттің дамуына үлесіңді қосу.

Б.А. Молдин

Әлеуметтік – саяси пәндер кафедрасының оқытушысы