COVID-2019 және оның тудырған зардаптары

http://turizm-hit.ru/

Жаңа коронавирус (КоВ) — адамдарда осы уақытқа дейін анықталмаған коронавирустың жаңа штаммы. COVID-2019 деген атауға ие болған жаңа коронавирус 2019 жылдың желтоқсан айында Қытайдың Ухань қаласында аурудың таралуы барысында анықталды. Қазірде әлемнің көптеген еліне тараған бұл ауру әлі күнге дейін өз кесапатын тигізуде.

Өте тез таралатын жұқпалы аурудың зардаптары, алғашқы күннен-ақ байқала бастады. Қытай өкіметі бұл дертті ерте анықтамай, бастапқыда адам өміріне тигізген зардаптарды жасырып қалғысы келгенімен, жағдай тез ушығып кетті. Ауру біз ойлағаннанда өте тез тарала бастады. Кейін, Қытай халқындағы жағдайдан кейбір елдер хабардар болса да, бұл мәселеге немқұрайлық танытып, қорғаныс шараларын қолға алмағандықтан аурудың тез белең алуына жағдай туғызды. Міне, осы себептен 2020 жылдың 11 наурызында, небәрі төрт айға жуық уақыт ішінде COVID-2019-ды Денсаулық сақтау ұйымы ресми түрде пандемия деп жариялады. Бұл ақпарат жарияланғаннан кейінде, қорғаныс және сақтану шаралары, жеке бас қауіпсіздік шаралары толық қолға алынды деп дөп басып айта алмаймын. Бірден айту қиын, себебі сенгендер түсіністік танытып, дер кезінде аурумен күресу шараларын қолданып, дерттің одан ары таралуына жол бермеді. Ал, сенбегендер болса керісінше бұны шындық деп есептемеді, сенімсіздік танытып, салғырттығынан ауруды одан әрі таралуына жол ашты. Осы себепті, сенгендерге қарағанда сенбейтін, өтірік ақпарат ретінде қабалдайтын адамдардың көптігінен ауру әлемнің бірқатар еліне жайылып, алдымен денсаулыққа , тұрмыстық жағдайға және т.б жағынан зардаптарын көптеп тигізді.

COVID-2019 жұқпасының белгілері басқа да респираторлық аурулардың белгілеріндей болуы мүмкін. Оның клиникалық белгілеріне мұрыннан су ағу, тамақтың ауруы, жөтел және дене қызуының көтерілуі жатады. Кейбір адамдарда ауыр түрде өтіп, пневмония мен тыныс алудың қиындауына әкелуі ықтимал. Бұдан қорғанудың белгілері, гигиеналық талаптарды сақтау, көпшілік жиналған жерлерге бармау, еш себепсіз үйден шықпау . Дәл осындай талаптарды ескере отыра, ең басында аурудың шығуына, таралуына және ауру адамдардың көрсеткіші бойынша алдыңғы қатарда болған Қытай халқы кеш болсада уақытында гигиеналық-санитарлық талаптарды берік ұстанып, қатаң карантиндік режимді сақтау нәтижесінде, қазіргі статистикаға сүйенсек, мұндағы ауырған адамдардың 94% сауығып кетті, ауру адамдардың сандық көрсеткіші бойыншада Қытай төменгі орынға жайғасты.

Жұқпалы аурудың бастау алған елінде ахуал тұрақтанғанымен, дерттің көрсеткіші өрши түскен елдерде COVID-2019 тудыратын зардаптар күннен-күнге күшейе беруде.

Соның бірі біздің – Қазақстан! Алғашында өзге елдерде тарала бастағанын біле тұра, сенбедік, көзімізбен көрмегесін шын мәліметті өтірікке баладық,- бұл шындық. Осындай ойлар әр адамның көкейінде болды, жасырмаймын. Аурудан ертерек қорғануға асықпадық, бейқам жүріп қалдық. Енді міне, ауру алқымымыздан келіп жармасып алғанда не істерімізді білмедік, абдырап жүріп қалдық, соның өзінде сенімсіздік танытқандар азаймады. Осы себептенде адам денсаулығына тигізетін аурудың зардаптары күшейе берді. Бастапқыда елімізде сақтық шаралары жүргізілді, аурумен күресуге дайынбыз, алдын-аламыз деген сөздер де болды. Бірақ, өкінішке орай, бұл дайындығымыз экономикалық тұрғыда енді дамып келе жатқан, медицина жағынан әлсіз, дамыған емес, дамушы елдердің қатарында жүрген біздің елге мықты қорғаныс бола алмады. COVID-2019 ДДСҰ пандемия деп жариялағаннан соң ғана елімізде қойылатын талаптар күшейтіліп, студенттердің және оқушылардың, жалпы білім алушыдардың оқу режимін онлайн форматқа ауыстырып, әр түрлі маман иелерінің жұмысыда онлайн форматына қосылып, қатаң карантиндік режим қолға алынып, елімізде Төтенше Жағдай жарияланды.

 Елімізде пандемия зардаптары аз болмады. Ең алдымен адам өміріне тигізген зардабы көп болды. Қазіргі таңда Қазақстанда COVID-2019 -бен ауырғандар жалпы саны 110 684 адамды құраса, ал өлгендер саны 1 796 адам, ал деркезінде ем алып сауыққандар саны 105 776 адамды құрайды. Өлгендер саны аз емес, еліміз үшін ауру зардаптарының ең ауыры осы, себебі елдің ең басты құндылығы – адам. Аурумен күресіп жүрген өмір мен өлім арасында жүрген адамдар саны 3112, бұл көрсеткіш қөңіл көншітерлік емес, не азаюы мүмкін, болмаса көбеюі қауіпі де бар. ДДСҰ-ның 25 қазандағы көрсеткіштеріне сәйкес, COVID-2019 -бен ауырғандардың жалпы саны бойынша Қазақстан алдыңғы елу елдің қатарына енді.

Пандемияның тудырған зардаптардың тағы бірі - білім саласына тигізген зардабы. Індет салдарынан мектеп оқушылары мен студенттер қашықтан оқытуға көшті. Бұл жұмыстың тәсілі мен мазмұны түбегейлі өзгеруіне әкеліп соқты. Қашықтан оқытуды ұйымдастыруда жіберілген кемшіліктер көп. Себебі, біз онлайн оқу жүйесіне толықтай дайын болған жоқпыз. Карантин режимі орнағаннан кейін бұл кемшіліктер анық біліне бастады. Осы арада Президентімізде әлі күнге бізде нақты бір онлайн-платформа болмағандықтан, мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналар күндіз-түні «WhatsApp»-тан бас көтермей отырғанын айтты. Бұл мәселені шешу жолында, ол қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу туралы тапсырма берді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы сапалы білім алу үшін әдеттегідей сабаққа қатысып, мұғалімдермен және сыныптастарымен араласып оқудың жөні бөлек екенін, бұл үшін санитарлық талаптарды сақтай отырып, білім алудың дәстүрлі тәсіліне қайта көшу қажеттігін ескертті.

«Күнделікті мәселелерді шешумен қатар, балалардың бәріне бірдей мүмкіндік туғызу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Балаларымыз қай жерде жүрсе де, қандай тілде оқыса да сапалы білім алуы керек», – деді Қ.Тоқаев.

Әрине, барлықтарымызға да, әсіресе медицинада оқитын студенттерге онлайн оқу оңай тимесі анық, дегенменде жағдайға түсіністікпен қарап, оқуға деген ізденіс пен құлшынысты жоймауымыз қажет. Алда бұл індеттің жайылып кетпесі үшін сақтық шараларын қатаң ұстана отыра, қайтадан білім алудың дәстүрлі тәсіліне көшуге жол ашуымыз қажет.

Пандемияның тағы бір ең үлкен зардабы– жұмыссыздықтың күрт артып кетуі. Коронавирусқа тосқауыл қою мақсатында енгізілген жаппай карантин шаралары кесірінен дүниежүзінде жұмыссыздық күрт көбейді.

 Жаһанның барлық бөлігінде жағдай мәз емес. Әсіресе қос Америка жұмыс уақытының 12% жоғалтса, Азия 11,8 %, қалған аймақтар 9,5 %-дың үстінде жұмыс ауқымынан айырылды. Мемлекеттер өз азаматтарының және экономиканың тамырына қайтсек қан жүгіртеміз деп түрлі тәсілдерді қолданып жатыр. Қазіргі таңда, экономикасы шарықтаған әлем елдері карантиннің денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру салаларына тигізген зардаптарымен біркелкі күресіп жатыр.

Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша, биыл Қазақстан экономикасы 2,5%-ға төмендеп, жұмыссыздық 4,8 %-дан 7,8 %-ға артты.

Ел үкіметі төтенше жағдай кезеңінде табысынан айырылғандарға 42500 теңге (101 АҚШ доллары) көлемінде жәрдемақы тағайындаған. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, жәрдемақыны 4,5 миллионға жуық азамат алған. Сонымен қатар, Қ.Тоқаев коронавирустың таралуымен күреске13 миллиард доллар жұмсалғанын айтқан болатын.

Карантин режимі кезінде жұмыс сағаттарының қысқаратыны, экономикалық белсенділік төмендеуіне әкеліп соқтыруда, тіпті жұмыс істеп жүрген адамдардың арасында кедейліктің өсуіне әкелуде. Әсіресе, сауда саттық, өндіріс, көлік жөндеу, қонақүй, азық-түлік дайындау және жылжымайтын мүлік секторлары бәрінен көп зардап шегуде.

Коронавирустың зардаптарын азайту және оны түбегейлі жою мақсатында тұтас ел болып, бұл пандемиямен күресуіміз қажет. Карантиндік режимде санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтай отыра өзімізге де, өзгеге де ауру жұғуының алдын алу арқылы, алдағы уақытта барлығын өзгертуге, қайтадан жағдайдың қалыпқа келуіне өз үлесімізді қоса аламыз. Тек осы тұста жағдайдың қалыпқа келуі өз қолымызда екенін ескеруіміз қажет.

 Жарылғас Гауһар Ақмұратқызы