Жаңа шынайылық немесе бір студент нені түсінді?

http://turizm-hit.ru/

2019 жылы Ухань қаласынан бастау алған короновирус дерті «пандемия» статусына ие болған сәттен бастап әлемде жаңа өзгерістер орын алды.

Бұл өзгерістер біз бен сіздің өміріміздің барлық аспектілерін қамти отырып, қарапайым қозғалысымыздан бастап, алдағы бірнеше жылға құрған жоспарларымызға белгілі бір шектеулерін еңгізіп үлгерді. Бір сөзбен айтсақ, бізді өзгерген әлем мен жаңа шынайылық күтіп тұрды.

Есептеп қарасақ, көзге көрінбейтін жауымызбен әлем болып күресіп жүргелі 7 ай болыпты. Осы уақыт аралығында әлем елдерінде көптеген өзгерістер орын алған болатын. Әр ел өзінің кемшіл тұстарын байқап, қателіктермен жұмыс жасап қана қоймай, қалыптасқан жағдайға бейімделіп келеді. Мұның барлығын сіздер күнделікті жаңалықтардан көріп жүрсіздер. Біздің елімізге тоқталар болсақ, үкімет құрылымында өзара байланыстың жоқтығы мен сөз бен істің арасы алшақ екеніне бірнеше рет көз жеткізіп үлгердіңіздер, тізіп айта беретін болсақ, халқымыздың назы көп. Бірі орынды болса, енді бірі азаматтарымыздың сауаттылығы төмен болуынан туындаған мәселелер болатын. Бірақ бүгінгі мақала ол туралы емес, мен сіздерге саясатты түсіндіріп немесе оған баға бере алатындай ол қызметтің адамы емеспін және менің ойымша, пандемияны түрлі фактордан, яғни әртүрлі топты адамдар көзқарасымен қарайтын болсақ, міндетті түрде мазмұны бөлек сан түрлі кейстар алатынымыз сөзсіз. Бүгінгі мақалада сіздер қалыптасқан жағдайға 3 курс студентінің көзімен шолу жасайсыздар, атап айтқанда бұл мақала кішігірім «инсайттар» (инсайт-түйген, түсінген заттар) форматында жалғасады.

Инсайт #1: Құндылықтар. Осы кезең өмірімізде шынайы құндылығымыз – өз денсаулығымыз екенін және қиын сәтте әрқашан жанымызда тек отбасымыз табылатынын айқындады. Нағыз байлық – денсаулық, ия мұны бәрі біледі, дегенмен айтқым келіп отырған нәрсе, біз үнемі артынан қуатын ақша мен байлық, шынында денсаулықтан маңыздылығы төмен ұғымдар екеніне осы карантин кезінде шынымен өзіміз куә болдық. Келесі терең түсінгенімді сіздерге жазушы Энтони Брандттың «Біздің айналамызда көп нәрсе өзгеруі мүмкін, алайда біз өмірізді отбасында бастап, отбасында аяқтайтынымыз анық» деген сөзімен жеткізгім келіп отыр. Шынында, бізге отбасымыздан жақын ешкім жоқ екенін біз кейде түсінбейміз, жақындарымыздың қадірін бағаламай жатамыз. Міне, мен өзіме осы 2 маңызды құндылықты айқындадым.

Инсайт #2: Уақыт жетеді. Барлығымызда «уақытым жоқ, уақытым болғанда жасайтын едім» деген сылтау айтқан кездеріміз болған болар. Осы сылтау біршама жақсы нәрселерді жасаттырмай қалдырғаны сөзсіз. Карантинде жатып, осы сылтау өтірік екеніне көзім толықтай жетті. Менің түйгенім, мақсаты айқын адамның іс-әрекеттері дайын, және ол мақсатына жетуге ешқандай кедергіні көрмейді, сылтау таппайды, және ең маңыздысы мотивация іздемейді. Бізде тек үш айқын процесс бар: нақты мақсат қою, жұмыс барысы, және нәтиже, басқа артық заттың бәрі өтірік.

Инсайт #3: Тез бейімделу. Табиғи сұрыпталу деген ұғым ешқашан жоғалмайды, бұл өмірдің заңы. Ч.Дарвин айтқандай «Ең күшті де, ақылды да емес, өзгерістерге жақсы бейімделген аман қалады», міне осы нәрсені бізге дұрыстап ұғынып, ешқашан естен шығармау қажет, себебі бұл заң қарапайым тұрмыстық заттардан бастап, бизнес, карьера секілді өмірдің барлық тұстарында бірдей көрініс береді. Тағы түйгенім, адаптация процессінің тез болуы бізді 2 үлкен жаман әдеттен аулақ болуымызға көмектеседі екен: біріншісі – «жылауық (нытик)» болудан, екіншісі – әлсіз болудан. Интерпретациялайтын болсақ: кенеттен болған өзгеріс – адамды үйреншіктіліктен айырады – адамды басқа жаңа амалдар жасауға ойландырады – ал жаңа нәрсе ойлап табу қиын – адам жасамай жатып, өзгерісті кінәләйді(жылауық бола бастайды), оған қарсы тұрғысы келеді – қарсы тұруға немесе өте жай әрекет жасап бастауы көп уақыт алады – осы уақытта айналасындағы адамдар тез ойланып, өзгеріске реакциясы тез болғандықтан олар бірнеше қадам ілгері жасап қояды – бұл бейімделе алмаған адамды салыстырмалы түрде әлсіз етеді.

Инсайт #4: Күту немесе үміттену бос нәрсе. Кез келген күту сезімі біздің бақытымызды сол нәрсеге байлап қояды, сәйкесінше дәл қазіргі сәтте өзімізді толық бақытты болу сезімінен айырады. Мысалмен түсіндіретін болсам, карантин біткенін, кинотеатр ашылғанын, дистанционды оқу біткенін т.б. заттарды күтудің орнына (сен оны бәрібір шеше аламасаң) дәл қазіргі сәтке бейімделіп, оның жақсы тұстарын бағалап, жәй ғана осы сәттен рахат алу маңызды. Менің алғашында дистанционды оқуға деген көзқарасым теріс болды, себебі мен болашақ дәрігермін ғой деген ойлар жиі мазалайтын. Қалай мен онлайн оқимын? Қашан универге барамын? – деген сұрақтарды күнде айта беретінмін. Кейін ойым өзгерді, бірақ оған біраз уақытым кетті. Мен өз практикамда карантинде бейімделу барысында жылауық та болдым, әлсіз адам да болдым, әлсіздігімді көтере алмағандықтан көңіл-күйім жиі түсетін болды, мен ол кезде бақытты тәттілерден табатын болдым, сосын 5 кг-дай салмақ қостым, мүмкін осылай жалғаса беретін еді ме, егер баспалдақпен көтерілгенде ентіге бастағанымды байқамағанда. Сол бір сәт менің есімді жидырды десем де болады, өзімді кинодағы толық, жүгіре алмайтын ентігіп тұрған адамдай елестетіп, өзімнен қорқып кеттім. Қашанғы деградацияға ұшырай бересің, сен қыз? – дәл осы сұрақты айнадағы домаланған өзіме қарап қойдым. Сол күні мақсат қойдым, жоспар жаздым да, өзіме 30 күндік челлендж жасадым. Бұл қашан десеңіз, шілде айында, сонда мен 4 ай бойы өзгеріске бейімделудің орнына оған қарсы тұрған болып тұрмын. Алайда содан кейін өзімді түгелдей қайта құру, өзімнің өміріме анализ жасап өзгере бастадым. Өзгере бастағанда байқағаным – өмір сапасы деген ұғым болды. Шынында, іштей бір дұрыс жолда екенімді сезіне бастадым, көп сұрақтарға жауап таба бастадым, барлығы өз орнына келе бастағандай болды. Бір сөзбен айтқанда сапалы өмір сүре бастадым.

Инсайт #5: Бақыт - бұл дұрыс қаланған өмірдің жанама әсері ғана. Ия, бұл ой бір сөйлем болғанымен, астары терең, үлкен еңбекті талап ететін зат. Өмірдің мәні неде? Мен үшін өмірдің не? Бақыт деген не? Осындай философиялық сұрақтарды өзіне әрбір адам өмірінде бір рет болсада қойған шығар. Қияли екен мына қыз деп отырған болуыңыз мүмкін, бірақ бұрын соңды ондай өзімді қопарып, мұндай сұрақтарды ешқашан қоймаған болатынмын. Карантинде, ешнәрсе жасамай бос уақытым көп болғандықтан ба, ойыма осындай сұрақтар келе бастады. Ең алдымен, әжеме қойдым осы сұрақтарды, әжемнің жауабы: өмірдің мәні - ұрпақ тәрбиелеу, қыз бала үшін бақыт – ана болу, осындай болды. Неге екенін білмеймін, мен үшін бұл ұғымдар жақын болмады, сондықтан жауабын өзімнен іздедім, сол күндері түрлі жауаптар табу ұйқыға кетер алдындағы міндетті процедураға айналғандай болды. Біраз күндер өтіп, мынадай қорытындыға келдім. Өмірдің мәні – өлетін сәтіңде(қашан екенін тек Жаратушы біледі: сәтті болып қарттық шақта келсе – нағыз бақыт) іштей «моя жизнь все же удалась» деп еш өкінбестей өмір сүруде, - деген қорытындыға келдім. Сонымен қатар, өміріміздің әртүрлі уақыт аралықтарында сол кезеңге тән басты ұғымдар болады, және оларды біз өзіміз белгілейміз, яғни сол кезеңде қай зат маңызы жоғары болса, сол алдыңғы орынға шығады. Мысалы, қазір мен үшін басты нәрсе – дәрігерлікке оқуымды жақсы аяқтап, білікті дәрігер болу, тұрмыс құрған кезде – жақсы жар, ана болу алдыңғы орынға шығады, қарттық шақта – т.б. деген секілді. Ал, Бақыт ұғымына келер болсақ, барлық нәрсе бақыт ұғымының қасында тұра алады, тіпті біз мән бере бермейтін жапырақтардың сарғаюы секілді ұсақ-түйек нәрселер. Мен өзімнің қаншалықты бақытты адам екенімді – маған берілген өмір үшін рахмет айта бастағанда түсіндім. Сізді қоршаған барлық дүние – сіз үшін бақыт бола алады, тек Димаш атамыз айтқандай бақыт та, бақ та адамның аяғына қонады, тек оны бағалай білген адам ғана қонған бақты басына дейін көтере алады.

Осындай тамаша нүктеде сөзімді аяқтағым келіп отыр, сіздерге инсайттар пайдалы болды деген үміттемін. Барша оқыған жандарға алғысым шексіз, өмірлеріңіз мәнді, күндеріңіз бақытқа толы болсын.

Тұрсын Қаракөз

318 А тобы студенті

Жалпы медицина