«АЛЛЕРГОЛОГИЯ ЖӘНЕ ИММУНОЛОГИЯНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ» Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы

http://turizm-hit.ru/

Бүгін, яғни 25 қарашада университетімізде Қазақстан Республикасының аллергологтары мен клиникалық иммунологтар қауымдастығы, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университеті, Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы, ШЖҚ МКК «Ақтөбе медициналық орталығы» бірігіп «Аллергология және иммунологияның өзекті мәселелері» туралы халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізіп жатыр.

Конференцияға қатысуға қазақстандық және шетелдік ғалымдар, медициналық университеттердің оқытушылары, магистранттары және докторанттары, ғылыми-зерттеу институттарының, ғылыми орталықтардың резиденттері, интерндері, сонымен қатар практикалық денсаулық сақтаудың басшылары мен дәрігерлері: аллерголог-иммунологтар, пульмонологтар, жалпы тәжірибе дәрігерлері, терапевттер, педиатрлар, отоларингологтар, микробиологтар, инфекционисттер және басқа мамандықтардың дәрігерлері шақырылды. Конференция онлайн режимінде өтіп жатыр.

Конференцияның мақсаты – аллергология және иммунология саласындағы іргелі және клиникалық зерттеулердің соңғы нәтижелерімен танысу, аллергология мен иммунологияның заманауи жетістіктерін практикалық денсаулық сақтау проблемаларымен интеграциялау үдерісіне қатысты мәселелерді талқылау.

Конференция бағдарламасы пленарлық отырысты, секцияларда жұмыс жасауды және мастер класс өткізуді қарастырады.

 Конференцияның ғылыми бағыттары:

1. Клиникалық аллергология мен иммунологияның заманауи жетістіктері;

2. Иммунопатологиялық жағдайларды диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістері;

3. Жиі кездесетін аллергиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістері;

4. Аллергиялық аурулардың менеджментіндегі соңғы жетістіктер;

5. Қазақстанда және әлемде пандемия кезінде коронавируспен күресу тәжірибесі.

Пленарлық отырыс Марат Оспанов атындағы Батыс Қазастан медицина университетінің Басқарма Төрағасы-Ректоры, м.ғ.д., профессор М.К. Телеуовтың құттықтау, кіріспе сөзінен басталды. PhD доктор, Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Исаев Рустем Канапиевич өз кезегінде бүгінгі таңда аллергология, иммунология мамандары, ғылыми қызметкерлер тұрғындар арасында өте өзекті мәселеге айналған аллергиялық ауруларға және ағзадағы иммундық қабілеттердің төмендеуіне арналған конференция өткізіп жатыр. Дәрігерлер тәжірибесінде иммун жетіспеушілігі көптеп кездесуде. Аллергология, иммунология – қарқынмен дамып жатқан жас медициналық ғылым. Соңғы екі онжылдықта аллергиялық аурулар дүние жүзі бойынша, соның ішінде Қазақстанда да жалпы аурулар құрылымында көшбасшы орындардың бірін алып отырғанын атап өтті. Статистика бойынша әлемнің әрбір бесінші адамын аллергия мазалайды. Егер ХХ ғасыр жүрек-қан тамырлары ауруларының ғасыры болса, ХХІ ғасыр Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының көрсеткіштері бойынша аллергиялық және иммундық аурулар ғасыры болып табылады. Жыл сайын аллергиялық және иммундық аурулар орташа есеппен 15-20%-ға өсіп отыр. Аллергиялық аурулар тікелей адамның иммундық жүйесіндегі әртүрлі факторлардың әсерімен, яғни экологиямен, тағам құрамымен және дәрілік препараттарды дәрігердің тағайындауынсыз қабылдаумен байланысты. Соңғы 20-30 жылда бронхиалды астманың өсімі жоғарылап кетті. Осы уақытта әлемде астмамен ауру 2 есеге өсті. Егер әлемде 2008 жылы ДДСҰ мәліметі бойынша 150 миллион ауру болса, 2018 жылы бұл сан 300 миллионға дейін өсті. Ақтөбе облысында астма ауруы жыл сайын өсуде. Диспансерлік есепте тұрған және тұрақты емделуге мұқтаж ауыр және орташа ауыр науқастар саны 2010 жылы 1700 адамнан 2018 жылы 3536-ға дейін өсті. 2019 жылы қаңтар айында Ақтөбе медициналық орталығы базасында облыстық респираторлық медицина және аллергология орталығы ашылды. Исаев Рустем Канапиевич сөзін қорытындылай келе, конференция қатысушыларына жемісті еңбек тілей отырып, барлық тыңдармандарға клиникалық практикада қажетті барлық білімдерді игеруге тілек білдірді.

Сөз кезегін алған Оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор, Басқарма мүшесі, м.ғ.д., профессор Исмагулова Эльнара Кереевна қатысушыларды құттықтап, конференция ұйымдастырушылары мен барлық қатысушыларға алғыс білдірді. Познань медициналық университетіндегі стратегиялық серіктестерге, Ресей, Украина, Қазақстан елдеріндегі әріптестерге ерекше алғыс білдірді. ХХІ ғасыр аллергия және пандемия ғасыры екендігіне ерекше тоқталып, ең басты байлық – денсаулық тіледі.

Конференция қатысушысы, м.ғ.д., профессор, ҚР аллергологтар және клиникалық иммунологтар қауымдастығының президенті, Еуропалық аллергия және клиникалық иммунология академиясының мүшесі, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бас аллергологы Испаева Жанат Бахытовна да әріптестерін тағы да осындай үлкен форумның басталуымен құттықтап, конференцияның жақсы өтуіне және маңызды резолюция қабылдауға тілектестік білдірді. Дүние жүзінде бронхиалды астма қазіргі таңда өршіп тұрғанын, соның ішінде Қазақстанда 1 миллиондай тіркелгенін тілге тиек етті. COVID мәселесі өзекті болып тұрған кезде небулайзерді қолданудан аулақ болу керектігіне ерекше тоқталды. Конференцияны ұйымдастырушы, м.ғ.к., университетіміздің микробиология, вирусология және иммунология кафедрасының жетекшісі Курмангалиева Саулеш Сейтжановнаның айтуынша:

- Қазіргі таңда біз университетімізде иммунологтар дайындамаймыз, міне енді ғана осы бағытта жұмыс жасап бастап жатырмыз. Кафедрамызбен Батыс Қазақстан бойынша аллергология және иммунологияның сапалы базасы болып табылатын медициналық орталықпен байланысып, бірге жұмыс жасамақпыз. Медицина орталығында осындай үлкен базамыз бола тұра аллергология саласында мамандар дайындамау деген үлкен мүмкіндікті жіберіп алумен тең. Ал аллергия мәселесінің өзекті екендігі бәрімізге белгілі. Бұл дегенің – ХХІ ғасырдың проблемасы. Міне, сондықтан біздің кафедра орталықпен бірігіп, паталог-иммунологтарды, аллергологтарды дайындап, резидентура ашып, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді қолға алғымыз келіп отыр. Осыған байланысты конференцияны өткізіп отырмыз. Бізді қауымдастық біріктіреді, қауымдастыққа бірігуде аллергология, иммунология мәселесінде көптеген жетістіктерге жетуге болады.

Конференциядан репортаж жасаған: Салтанат Тоғызбаева