Вакцинация туралы ақпарат

Вакцинация (екпе) жасату не үшін керек? Бұл емшара кезінде ағзаға аздаған мөлшерде вакцина енгізіледі.


Толығырақ...
1

Ел болашағы - жастар

Мен жастармен жұмысты жақсы көремін, себебі қазіргі жастар – креативті, жан-жақты, ой-өрісі дамыған, шығармашылық қабілеттілігі жоғары, ерекше шабыт пен жалын иелері!

Олармен жұмыс істеу барысында өмір сүруге деген құштарлық, әлемді танып білуге деген қызығушылық, жұмыс жасауға деген сенім, күш, қуат жігер сезімдерін сезінемін. Осы университет қабырғасына 2013 жылы келгеннен бері Қазақстанның түкпір-түкпірінен дәрігер мамандығын таңдап келген жалынды, өнерлі жастармен жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болдым. Олардың өз мамандықтары бойынша білім ала отырып, өнерге деген құштарлығын, талантын дамыту мақсатында "Сыр мен Сымбат" қыздар клубына жетекшілік етемін. Университет қыздарының бойына эстетикалық, ізгілік, сұлулық, рухани тәрбиені сіңіру жолында түрлі шаралар және дәстүрлі "Университет аруы" конкурстарын ұйымдастырып келемін. Соның нәтижесінде қыздарымыздың арасынан оқ бойы оза шауып, қылығымен де, білімімен де дараланып, халықаралық, республикалық, облыстық байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүрген арулардың шығып жатқанына куә боп келемін. Мен олармен мақтанамын!

Сонымен бірге "МедArt" студенттік жастар театры да – өз перзентім. Бұл – театр өнеріне деген құштарлықтан құралған жастар ұйымы. Болашақ дәрігерлер десек те, олар – сахнада көрермендерді тік тұрғызып қол соқтырған өнерлі жастар! "МедArt" театры осы уақыт аралығында республикалық, облыстық деңгейде жеңімпаз атанып келеді.

Менің жастармен жұмысымның тағы бір қыры – ВОКАЛ жанры. Осы университет қабырғасында жұмыс жасағалы ел алдында жүрген танымал әншілерден кем түспейтін жез таңдай, күміс көмей жастардың талайына жол аштым десем, мақтанғаным болмас. Шынымен де елеусіз жүрген қаракөздерді халықаралық, республикалық байқауларға университет атынан жөнелтудің қамымен жүріп, өз балаларымның кейбір қажеттіліктерін ұмыт қалдырып жататын тұстарым боп қалады. Міне, сондайда жер шұқып кібіртіктеп, екі есе өтеммен қарыз боп айыппұл төлеп құтылған да кездер болған. Ал осы сенім артқан студент достарымның жеңімпаз атанбай қалған кездері мүлдем жоқ, бұл әрине, нағыз бақыт, оны ұстаздар қауымы өте жақсы біледі.


Тағы бір айтарым, жұмыс барысында ең бастысы – ол бірге жұмыс атқарып келе жатқан ұжымым. Жоғары деңгейде атқарылып жатқан жұмыстардың және сол жұмыс барысындағы қиындықтар мен қызықтардың көптігі соншалықты, тізе бастасақ, санынан жаңылып жатамыз. Дәл сол мезетте етекке сүрініп, тіпті қабақ шытып қалып жатсақ та, кейін жұмысымыздың нәтижесінен ләззат алып жатқан сәтімізде дайындық барысын еске түсіріп, күліп жататын кездеріміз өте көп. Мен қызмет жасайтын ортада әр маманның орны бөлек, біріміз бірімізді толықтырып, тұтас бір ағзадаймыз. Ынтымақ бар жерде ғана жұмыс өз нәтижесін береді, ал біздің орта – сол ынтымақтың әдемі кеніші. Сондықтан да ұжым боп жеңісті күндердің жемісін жиі көріп келеміз.


Бәрі жақсы, алайда карантиннің кесірінен жырақта жүрген өнерсүйер жастардың тек телефон арқылы ғана байланысуы көңілімізді сәл көншітпей тұр. Жастардан, олардың шабытынан, күлкісінен, әрбір қимылынан тарайтын от, энергия, қуат жетіспей жүр. Біздің әр жоспарымызға, ісімізге жан бітіріп, шабытымызға қанат байлайтын да осы студенттер ғой!!!

Сағындым...

Смағұлова Ақмарал