Тұғырлы Тәуелсіздікке 30 жыл!

Биыл еліміздің егемендік алып, тәуелсіздік таңын атырғанына тура 30 жыл! 30 жылда еліміз қай салада болмасын өзге мемлекеттерден бәйгесі оза шауып, толағай табыстарға қол жеткізіп, бәсекеге қабілетті, келешегі кемел, болашағы айқын мемлекетке айналды.

«Кешегі күн-бүгінгі тарих» дегендей, өткенді оймен саралап, тәуелсіздік жолында құрбан болған батыр бабаларымыздың ерен еңбектерін еске алу- өскелең жас ұрпақтың міндеті. Осы мақсатта Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің «Фтизиатрия және дерматовенерология» кафедрасы ұжымының, ОТВД-нің бас дәрігері Саренова Ботагоз Мақсатқызының және «Жалпы медицина» факультеті студенттерінің қатысуымен ZOOM платформасы арқылы «Қазақстан-сүйікті ел, Қазақстаным менің» атты мерекелік іс-шара өткізілді. Іс-шара «Фтизиатрия және дерматовенерология» кафедрасының ассистенті Жарасова Жадыра Назарқызының жетекшілігімен ұйымдастырылды. Студенттер сан ғасырлық тарихы бар еліміздің өткенінен сыр шертіп, тәуелсіздікке жету жолындағы тарихи оқиғалармен және жаңа заманда Тәуелсіз Қазақстанның қол жеткізген жетістіктерімен бөлісті. Білім алушылардың тіл байлығын, сөйлеу мәдениетін, өнерін дамыту, өз елінің тарихын білуге, Отанын сүюге, ұлтаралық достыққа, ерлікке баулу, патриоттық тәрбие беру мақсатында ұйымдастырылған бұл мерекелік іс-шарада «Фтизиатрия және дерматовенерология» кафедрасының ұжымы студенттердің өнерлеріне риза болып, өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны аталып өтті. Мерекелік іс-шара барысында студенттердің бойындағы еліне, жеріне деген патриоттық сезімдері шыңдала түсті.

Ғасырлар бойы арман еткен Тәуелсіздік- қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ арманының жемісі, тәңірдің тарту еткен ең бағалы сыйы, қазақ халқының басына қонған бағы. Міне, осы бақты қолдан ұшырмай, тәуелсіздіктің бағасын жете түсініп, бүгінгі бейбіт күнде жаңа биіктерге ұмтылу, Тәуелсіз елдің көк туын көкте желбірету- өскелең жас ұрпақтың алдында тұрған ең жауапты міндеті деп білеміз.

Жарасова Жадыра Назаровна

ассистент