Жүрек жылуының шуағы
- Толығырақ
- Жарияланды 07.12.2020 12:02
- Автор: Администратор
- Категория: Студент беті
- Қаралды: 1138
Ерікті (волонтер) – латынның «voluntarius» сөзінен шыққан, адамның өз еркімен, өзінің есебі арқылы қоғамдық жұмыстарға белсенді араласушы деген сөз. Тағы бір мағынасы өзінің қалауымен әскерге барушы адам.
Ал қоғамда олардың орны ерекше. Өйткені еріктілер жасаған жақсылықтары үшін өтемақы немесе материалдық қажеттілік талап етпейді. Олар көмектесуді парыз деп санайды. «Еріктілер деген кім, олар немен айналысады, олар не үшін мұндай жақсылықтарға барады?» деген сұрақтарға бүгін жауап іздейміз.
Еріктілердің өздеріне дәл осы сұрақтарды қойсаңыз, бірден жауап бере алмауы мүмкін. Себебі олар өздерінің қалауымен, жан қалауларымен жасап отырғаннан кейін бірден «ерікті деген мынау» деп жауап қайтара алмайды. Бір сөзбен айтқан кезде «еріктілер» адамгершіліктің ақ туын көтерген қоғамдағы белсенді топ.
2020 жыл елде «Еріктілер жылы» деп жарияланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында азаматтық қоғамды нығайтуда еріктілердің орны ерекше екенін атап өтті. https://kazakh-tv.kz
Университетіміздің 3-курс студенті, ізденімпаз, жан-жақты, белсенді жас, еріктілер клубының жетекшісі Баймахан Бахтияр Өмірзақұлы 1-курсынан бері мұқтаждарға көмектесуді өмірінің мәніне айналдырыпты. Бос уақытында ән айтып, спортпен шұғылданғанды ұнатады. Жүрек жылуының шуағы мен асыл арманы медицинаға жетелеп келген Бахтиярдың айтары бар:
– Бахтияр, волонтерлікке қалай келдің?
– Мен жалпы еріктілікке 1-курсымда келдім жалпы адамдарға көмек көрсеткен ұнайды сол үшін еріктілікке келдім. Бұл менің хоббиім десе де болады. Медик волонтер ұйымының жетекшілігінің жауапкершілігі 2020 жылдан бастап мойныма жүктелді.
- Өткенге көз жүгіртейікші, тындырған іс көп пе? Қандай топтармен жұмыс жасайсың?
- Негізі біз бүкіл әлемдік денсаулық сақтау ұйымының күнтүзбесі бойынша жұмыс жасаймыз, бір жағынан әлеуметтік тұрғыдан да көмек көрсетіп тұрамыз қолдан келгенше қаржы жағынан болсын, барынша көмек көрсетуге тырысамыз. Жұмыстарды атап өтетін болсам, жалпы саулық бағдарламасы бойынша өңірлердегі медицина қызметкерлеріне көмек көрсетудеміз және үлкен ата-әжелердің жағдайын біліп артериялық қысымын өлшеп те көмек көрсетілуде. Бұл бағдарлама бойынша еліміздің Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау, Орал, Атырау обылыстарында көмек жүргізілуде. Абай атамыздың 175 жылдығына арнап эстафеталар жүргізіп жақында Абай дана Абай дара қазақта атты апталықты өткіздік, бұдан бөлек Гүлжайна Оспанова атты университетіміздің түлегінің үйі өртке ұшыраған сәтте де біз барынша қолдан келгенше қаржы жинап бердік. Тағы да Мақтарал ауданында су тасқыны болған сәтте қаржылай жинап көмектестік, пандемия кезінде көмекке мұқтаж 3 отбасыны азық-түлікпен қамтамасыз еттік.
- Волонтерлік іске ең алғаш рет кіріскенде қандай сезімде болдың?
- Әрине, өте керемет сезімде болдым. «Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» деген бар ғой, үлкендердің батасын алып, ел алғысына бөленіп жүргенге не жетсін. Өмірге бір рет келеміз, сол қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырда қиналған жанға қолымнан келгенінше көмек қолын созып, жанарынан үміт сәулесін көру менің миссиям шығар деп ойлаймын. Жалпы маған адамдарға көмектескен ұнайды сол үшін керемет сезімде болдым.
– Ерікті болудың оқуыңа кедергісі жоқ па?
– Оқуыма кедергісі жоқ, сабағыма үлгеріп жүрмін, мүмкін сүйікті ісім болғандықтан болар. Әрине кейде шаршамаймын демеймін, бірақ шыенын айтсам, ол кісіге жақсылық жасаудың қасында түк емес.
– Адамдардан нені күтесің?
– Адамдардан жалпы бір-біріне жылы қарап жақсы сыйласқанын қалаймын.
– Мұқтаж жанға көмектесе отырып, не түйдің?
– Көмек көрсету, жақсылық жасау мұқтаж жаннан гөрі, ең алдымен, өзіме ләззат сыйлайтынын ұқтым. Адам қаласа, жұдырықтай жүрекке таудай көңіл сиятынын түсіндім.
– Ерікті болғысы келетін немесе енді кірісіп жатқан өзің секілді жастарға не айтар едің?
– Ерікті болыңыздар. Ерікті болу деген шығындалу емес, керісінше, өзіңнің ниетіңмен бөлісе отырып, ортаңды кеңейту, достар табу, бұрын-соңды сезініп көрмеген керемет әлемді ашу дер едім. Сіз кішкентай ғана көңіліңізді бөліп, болмашы ғана нәрсемен бөлісуіңіз мүмкін, ал сіздің көмегіңізге зәру адам үшін бұл бүтін бір тағдырдың шешімі, өмір мен өлім мәселесі болуы әбден мүмкін. Сондықтан, айналамызға зер сала жүрейік.
Сұхбаттасқан: Салтанат Тоғызбаева