Вакцинация туралы ақпарат
- Толығырақ
- Автор: Администратор
- Категория: слайдер
Вакцинация (екпе) жасату не үшін керек? Бұл емшара кезінде ағзаға аздаған мөлшерде вакцина енгізіледі.
Ол ағзаға зиян келтіретін белгілі бір инфекцияларға қарсы антидене тудыруы тиіс. Осының арқасында ағзада аталмыш ауруға төтеп бере алатын иммунитет қалыптасады. Вакцинация жасатудың мақсаты – ағзаға вакцинаны енгізгеннен кейін спецификалық иммунитеттің қалыптасу, яғни иммундық жадының онымен байланысқан кезінде микроорганизмдердің анықталған антиденелеріне реакциясын қосу болып табылады.
Осы орайда Отбасылық медицина клиникасында болып, Covid-19 пандемиясын жеңудің бір жолы – вакцина салдыру жөнінде ақпарат жинадық.
Кожахметов Мадикарим Жакипович, пациент, №36 қазақ орта мектебінің дене шынықтыру және әскери дайындық пәнінің мұғалімі:
- Қазір ғана вакцина қабылдап отырсыз ба? Нешінші компонентін қабылдадыңыз?
- Екінші компонентін қабылдадым.
- Қандай реакциялар байқалды?
- Бірінші рет екпе алғанда ешқандай жағымсыз реакция болған жоқ. Тек уколдың орны қатты болып, сәл өзгеріс болғаны болмаса, ешқандай қиындық болған жоқ. Осы жолы да қиындық болмайды деп үміттенем. Егер екпенің орнын жылы ұстап, үш күн су тигізбесең, жалпы дәрігерлердің барлық нұсқауын орындасаң бұл кезеңді оңай еңсеруге болады деп ойлаймын.
Пациент, зейнеткер:
- 33 жастағы қызым осыдан бірнеше күн бұрын екпенің бірінші компонентін алған еді, ол мұғалім адам, сабағын беруді жалғастыра беріпті, сабағы біткен соң ұлымен дүкен аралаған. Келгеннен кейін тамағы жыбырлап, жатқысы келе берді. Сәл әлсіздік байқалды. Шүкір, қазір жағдайы жақсы. Сондықтан, өзім де екпе алуға келіп отырмын.
Тогызбаева Алтынзер Гайсаевна, Отбасылық медицина клиникасының эпидемиолог-дәрігері:
- Көпшіліктің көкейінде жүрген түйткілді сұрақтардың шешімін тапсақ... Әлемде өршіп тұрған Covid-19 пандемиясына қарсы қолданылып жатқан вакцина туралы не айтасыз? Қанша адам алды? Жалпы статистикаға тоқталсақ...
- Қазіргі таңда отбасылық медицина клиникасы бойынша Спутник V Гам-КОВИД-Вак вакцинасымен екпе жүргізіп жатырмыз. Бүгінгі күні біздің клиникамыз бойынша І компонентпен 660 пациент, ІІ компоненттен 194 адам екпе алды. Жалпы екпе туралы айтатын болсақ, бір флаконда 3 мл, 5 дозалы, яғни 5 адамға жетеді. Сәуір айының басында медицина қызметкерлерін, педагогтарды, әскери қызметкерлерді егіп бастадық. Кейін пациенттер арасында да екпе жүргізіп жатырмыз.
- Нәтижелері қандай?
- Бүгінгі күнге дейін ешқандай теріс нәтиже тіркелген жоқ. Пациенттер жақсы қабылдап жатыр, ешқандай шағымдар болған жоқ. Әрине, вакцина алғаннан кейін үш күн ішінде әртүрлі реакциялар болуы мүмкін. Шамалы субфибрилді температура, екпе орнының қызаруы, ауырсынуы сияқты шағымдар болды, бірақ ол қалыпты жағдай.
- Жалпы бір адамның ковидтен толықтай қауіпсіз болуы үшін неше мәрте екпе алуы қажет?
- Жалпы ковид инфекциясының алдын алуға вакцина екі мәрте беріледі. Яғни, бірінші вакцина жасар алдында міндетті түрде дәрігердің қарауы болады. Пациенттің келісім парағы болады, яғни пациенттің денсаулығы толық дайын екендігіне көз жеткеннен кейін ғана екпе жасалады. І компонентін алғаннан кейін 21 күннен кейін екінші компонентін алу қажет. Егер 21 күннен кейін қандай да бір себептермен (ауырып қалу, жол жүріп кету, жоспардан тыс ота жасалған жағдайда т.с.с.) пациент екінші компонентін ала алмай қалған жағдайда жеті күн аралығында екпе алуға болады.
- Ал, егер І компоненттен кейін пациент мүлдем келмей қалса, ондай жағдайда екпенің кері әсері болуы мүмкін бе?
- Ондай жағдай болып көрген жоқ, болашақта да біздің медицина қызметкерлеріміз, әлеуметтік қызметкерлер оған жол бермейді деп ойлаймын. Өйткені біз пациентпен міндетті түрде хабарласып, жағдайын сұрастырып отырамыз. Әрбір пациентіміз бақылауда. Денсаулық жағдайымен екпенің екінші компонентін алуға кешіксе, айталық, коронавирус жұқтырған жағдай болса, 6 айдан кейін ғана екпе ала алады.
- Зейнеткер немесе созылмалы аурулары бар адамдар тарапынан сұраныс бар ма?
- Вакцина алу ниетімен алдымызға қандай пациент келсе де, вакцина салып жатырмыз, соның ішінде зейнеткерлер өте көп. Зейнеткерлер, созылмалы аурлары бар Д есепте тұрған адамдар коронавирустың алдын алу мақсатында көптеп келіп, екпе алып жатыр. оның себебі, біздің медициналық қызметкерлердің, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жақсы жүргізіп отыр. Медициналық қызметкерлер арасында да, пациенттер арасында да біздің әлеуметтік қызметкерлеріміз, психологтарымыз отбасылық медицина клиникасының қасында орналасқан сауда үйлеріне, қонақ үйлеріне барып ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Әлеуметтік парақшаларда онлайн нұсқада да көптеген жұмыстар атқарып жатыр.
- Кімдерге вакцина алуға болмайды?
- Қарсы көрсетілім 18 жасқа толмаған балаларға, жүкті әйелдерге, бала емізіп жүрген әйелдерге немесе қандай да бір вакцинаға қарсы көрсетілімі бар, яғни, аллергиясы бар пациенттерге екпе жасауға болмайды.
- Болашақта құжатқа енгізіліп, вакцина алмағандар еш жерде жүре алмайды дегені қаншалықты шындық? Өз еркі дегенмен, осы жағынан мәжбүрлеу деп қарайтын дүние емес пе?
- І және ІІ компонентін алғаннан кейін пациентке egov арқылы қазақ, орыс, ағылшын тілінде электронды құжат беріледі. Біз өзіміз екпені толықтай алдық, қазір біздің қолымызда egov mobile арқылы смартфондарымызда вацинация паспорты бар. Арнайы QR коды да бар. Басында қанша күмәнмен қарап, көп сұрақтар қойса да, екпе алған пациенттеріміздің бәрі де өз еріктерімен, өз денсаулықтарына жауапкершілікпен қарап шешім қабылдады.
- Енді осы алған екпелері пациенттердің бүкіл өміріне қауіпсіздік қамти ма, әлде тумаудың екпесі секілді жыл сайын алып отыру крек бола ма?
- Ол туралы министрлік тарапынан әлі ешқандай да ақпарат келген жоқ.
- Ресейдің Спутник V Гам-КОВИД-Вак вакцинасы мен отандық Қазақстанның вакцинасы жөнінде әркімде әртүрлі пікір бар. Біреулер отандық өнімді күтіп жүрсе, біреулер ресейлік вакцинаға үлгеріп қалғысы кеп жатыр. осы екеуінің арасында айырмашылық бар ма?
- Ешқандай да айырмашылық жоқ. Барлығының құрамы бірдей. Пациенттердің арасында кейде дебат жүреді, біреулер Спутник V алам десе, біреулер Гам-КОВИД-Вак керек дейді, негізі ол екеуі бір вакцина. Ол Ресейдің өнімі, Ресейден Қарағандыға жеткізіледі, Қарағандыда орамдалады да, қосымша өндіріледі. Одан кейін міндетті түрде қайтадан Мәскеу қаласына тексеріске жіберіледі. Мәскеуден барлық партия тексеріліп болғаннан кейін ғана Қазақстанда қайта жіберіледі. Содан кейін барып қолданысқа көшеді. Енді қазақстандық басқа вакцина келеді деп жатыр, біз оны күтіп отырмыз.
- Енді бір сұрақ, мысалы, Ресей вакцинасының І компонентін бастап алған пациент, таусылып қалған жағдайда ІІ компонентін қазақстандық вакцинамен жалғастыруына бола ма? Әлде қарама-қайшылықтары болуы мүмкін бе?
- Ешқандай айырмашылық жоқ. Бірақ біз бүгінгі күнге дейін вакцинаны алдырғанда бірінші бір пациентке арнап І және ІІ компонентін қатар алып қоямыз. Айталық, бір резидентіміз Қызылордадан вакцинаның І компонентін алып келген екен, екіншісін бізден алуға ниет білдірді. Бірақ, өкінішке орай, біз оған вакцина сала алмадық.
- Коронавирус мутацияланады дегенді қалай түсіндіресіз? Ондай жағдайда екпенің күші жойылмай ма?
- Оны ешкім дәл айта алмайды. Коронавирустық инфекция мутацияланады, ол кезде мүмкін тағы да вакциналар шығып қалар. Зерттелмеген вакцина халыққа беріле салмайды. Вакцина зерттелген, көптеген дүниежүзі ғалымдарының тәжірибесінен өткен. Сондықтан, еш қорықпай-ақ екпе қабылдай беруге болады.
- Өзіңізде қандай реакциялар байқалды?
- Алғашқы үш күнде тоңдық, әлсіреу болды. Ол қалыпты жағдай, өйткені вакцина ағзаға енгізілгеннен кейін антиденелер өндіреді.
- Ал, алдымен антиденеге анализ тапсырып алу керек, егер мөлшері тиісті деңгейде көп болса, онда вакцина алмай-ақ қойса да болады дегенге қалай қарайсыз? Ертеңгі күні құжатта ол белгіленбейтін шығар?
- Антидененің белгілі бір мөлшері болады, оны емдеуші дәрігер анықтайды. Ол тұжырымды қостай алмаймын, өйткені қазір дүниежүзі бойынша вакцина алып жатыр. Вакцинаның басты мақсаты – коллективті иммунитет жасау.
- Екпе алу үшін сақтандыру, өзіңе тиесілі тіркелу аймағы дегендердің қатысы жоқ шығар?
- Жоқ, кез келген адам сақтандырусыз, белгілі бір тіркелу аймағынсыз кез келген екпе орындарына келіп қызмет ала алады.
- Әңгімеңізге рақмет!
Дюсупова Дина Салиховна, Отбасылық медицина клиникасының І санатты жалпы тәжірибелік дәрігері:
Әртүрлі қарсы көрсетілімдер – айталық, эпилепсиясы, аллергиясы, өкпе демікпесі, қант диабеті, жоғары қан қысымы бар т.б. созылмалы аурулары бар адамдар, сонымен қатар, 18 жасқа толмаған балалардан, бала емізіп жүрген әйелдерден, жүкті әйелдерден басқасы екпе қабылдай алады. Сонымен қатар, коронавирус жұқтырған адаммен қарым-қатынаста болған-болмағандығы жөніндегі ақпарат та өте маңызды. Қан қысымын, температурасын өлшейміз. Пациенттің тамағын тексереміз. Пульсоксиметрмен сатурациясын өлшейміз, яғни біз өкпенің оттегімен қанықтылығын өлшейміз, артынша пульсі өлшенеді (алдына келіп отырған пациенттің көрсеткіші 98%-ге тоқтады, пульс – 66, екпе алу үшін қалыпты жағдай). Пациент ерікті түрде келісім парағын толтырады. Міндетті түрде пациентпен әңгімелесіп, сөзін тыңдаймыз. Содан кейін ғана екпеге жібереміз. Екпені алғаннан кейін үш күн жылы киініп, су тигізбеуге кеңес береміз.